Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қай банк жыл басынан бері көп айыппұл төледі – Статистика

Қазіргі таңда Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк бар. Әйткенмен әртүрлі заң бұзушылықтарға байланысты қаржы ұйымдары реттеуші орган тарапынан ескерту алып, кейде айыппұл төлеп те жатады. Stan.kz тілшісі банктерге салынған айыппұл көлемі бойынша рейтингті назарыңызға ұсынады.

Фото: shutterstock.com

Рейтингті дайындау барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2023 және 2024 жылдарға арналған деректері қолданылды. Агенттік мәліметіне сәйкес 2024 жылы ең көп айыппұл арқалаған банк – "Home Credit Bank" АҚ. 

Мәселен, 2024 жылдың 26 тамызында 22,1 миллион теңге айыппұл салынған. Ал 27 тамызда "Банктің кредиттік тарих субъектісінен алынған мәліметтерін кредиттік бюроға бермеуінен және уақытында бермегені" үшін тағы 22,1 миллион теңге салынған. Барлығы – 44,2 миллион теңге. 

Салынған айыппұл мөлшері бойынша рейтингтің екінші орнында – "First Heartland Jusan Bank" АҚ. Қаржы ұйымына тәртіптік жаза ретінде 2024 жылдың басынан бері 33,2 миллион теңге айыппұл салынған. Соның ішінде: 

  • Кредиттік тарих субъектісінен алынған мәліметтерін кредиттік бюроға уақытында бермегені үшін – 11,07 миллион теңге;
  • Ақшамен және өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы деректі қаржы мониторингі агенттгіне бермегені үшін – 17,9 миллион теңге;
  • Ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігіне бермегені үшін – 2,7 миллион теңге;
  • Іскерлік қарым-қатынасты орнату кезінде тұтынушыларды дұрыс тексермегені үшін – 1,3 миллион теңге.

Кесте Stan.kz

2024 жылдың алғашқы 8 айында "Bereke Bank" АҚ-ға 12,6 миллион теңге айыппұл салынған. Соның ішінде: 

  • Ақшамен және өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы деректі қаржы мониторингі агенттгіне бермегені үшін – 6,7 миллион теңге;
  • Банктің кредиттік тарих субъектісінен алынған мәліметтерін кредиттік бюроға уақытында бермегені үшін – 4,4 миллион теңге.

Ал "Еуразиялық банк" АҚ-ға кредиттік тарих субъектісінің келісімінсіз несиелік есепті алғаны үшін 11,04 миллион теңге айыппұл тағайындалған. Бұдан бөлек "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған нұсқауларды орындаудан бас тарту үшін негіздер болмаған кезде банктердің ақшаны төлеу және (немесе) аудару жөніндегі тапсырмаларды орындаудан бас тартқаны үшін тағы 738 мың теңге айыппұл салынған. Барлығы – 11,8 миллион теңге. 

"Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ға 2024 жылдың алғашқы 8 айында 4,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Соның ішінде ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігіне бермегені үшін 4 мәрте 1,1 миллион теңгеден әкімшілік айыппұл тағайындалыпты. 

"ForteBank" АҚ-ға қаржы нарығын реттеу агенттігі тарапынан 2024 жылдың алғашқы 8 айында 2,2 миллион теңге айыппұл салынған. Соның ішінде: 

  • Кредиттік бюроға дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін – 1 476 800 теңге;
  • Кредиттік бюроға дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін (08.02.2024) – 738 400 теңге. 

"Отбасы банк" АҚ 2024 жылы тек 738 400 теңге айыппұл төлеген. Әкімшілік жаза кредиттік бюроға кредиттік тарих субъектісінен алынған деректі ұсынбағаны үшін тағайындалған. 

"Kaspi Bank" АҚ-ға да 2024 жылы айыппұл салынбаған. 2023 жылы банк барлығы 552 мың теңге айыппұл төледі. 

"Банк ЦентрКредит" АҚ 2024 жылы мүлде айыппұл төлемеген. Тек 2023 жылы "Қарыздар бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты таратқаны" үшін 345 мың теңге айыппұл арқалапты. 

"Bank RBK" Банкiне" 2024 жылы айыппұл салынбаған. Қаржы ұйымы соңғы рет 2018 жылы нұсқауды уақытында орындамағаны үшін 10 мың теңге айыппұл төлепті. 

Талқылау