Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда банк картасын басқа адамға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді

Фото: freepik.com

Қазақстанда банк деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

"Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банк деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді", – делінген ІІМ хабарламасында.

Полицейлердің мәліметінше, алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.

"Есіңізде болсын: жеке және банк деректері – жай ғана ақпарат емес, сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті", – делінген хабарламада.

ІІМ өкілдері тұрғындарға мынандай кеңес береді:

– ешқашан банк деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;

– картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз;

– күдік туындаған жағдайда, банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 11:16
Талқылау
`