Қазақстанда балалардың желілерге тіркелу жасына шектеу жасау ұсынылды

Фото: freepik.com
Қазақстанда әлеуметтік желілерге балалардың тіркелуін жасқа байланысты шектеу мәселесі қаралуда. Бұл бастама ата-аналар тарапынан жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты көптеген өтініштер түскеннен кейін көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұсынылатын норма бойынша ел аумағында тіркелген және қызмет көрсететін барлық әлеуметтік желілерде 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың тіркелуі шектелуі мүмкін. Бұл бастама "Онлайн-платформалар мен БАҚ мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген. Ол қазіргі уақытта қоғамдық талқылау кезеңінде тұр.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов сенаттағы пікір алмасу кезінде:
"Көптеген ата-аналар Австралиядағы түзетулерден кейін хабарласты. Сол себепті біз бұл норманы "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында талқылауға шығардық. Бұл заңнамалық процестің ең алғашқы кезеңі. Қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін ғана мемлекеттік органдармен келіссөздер басталады. Содан кейін ғана норма қабылданса немесе өзгертілмей қалса, күшіне енеді. Бірақ біз қазірдің өзінде басқа елдердің балаларға қолжетімділікті қалай шектейтінін қарастырып жатырмыз", – деді Кочетов.
Министрлік Австралия тәжірибесін зерттеп жатқанын алға тартты. 10 желтоқсаннан бастап бұл елде онлайн-платформаларда желіге кіретін балалардың жасын тексеру механизмін енгізу міндеттелді. Тіркелген кезде адам биометриялық деректер арқылы немесе қажет болса құжаттарымен жасын растайды.
-
Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттағандарға қандай жаза қолданылатыны белгілі болды
-
Отшашу атқан қазақстандықтарға салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды
"Бұл – мүмкін механизмдердің бірі. Тағы бір нұсқа – мемлекеттік деректер базалары арқылы, соның ішінде Egov.kz сервисін пайдалану. Қазіргі таңда бұл сервистің қолданбасы дерлік әрбір адамның телефонында бар", – деді вице-министр.
Кочетов атап өткендей, әлеуметтік желі пайдаланушыларының жасын анықтаудың нақты механизмі әзірге дайын емес. Ведомство әртүрлі реттеу үлгілерін зерттеп, олардың Қазақстанда қолданылу мүмкіндігін бағалауда. Ал барлық шешімдер қоғам мен мемлекеттік органдар қатысатын қоғамдық талқылауда қаралады.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады