Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балалар арасындағы буллинг пен суицидті азайту үшін бірыңғай орталық ашылады

Елімізде балалар арасындағы суицидті пен буллингті азайту үшін BalaQorgau бірыңғай орталығы ашылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

бала сток

Үкіметтің хабарлауынша Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар жүзеге асырылады. 

Премьер-министр қол қойған қаулы мемлекет басшысының 2022 жылдың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіпті.

Оның шеңберінде облыстар, аудандар және қалалар бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалады, онда балалар арасындағы құқық бұзушылықтар, зорлық-зомбылық және қорлау фактілері, сабаққа келмеу және т.б. туралы өзекті ақпарат көрсетіледі. Бұл "дағдарысты басқару" әдісін қолдана отырып, сапалы мониторинг жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.

Сонымен қатар Финляндия тәжірибесі негізінде білім беру ұйымдары үшін онлайн сауалнамалар, тақырыптық сабақтар, әңгімелесу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізуді көздейтін буллингке қарсы бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға не кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітіледі.

Құжатты жүзеге асыру аясында балаларға арналған BalaQorgau бірыңғай байланыс орталығын құру, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтарын енгізу, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіз контентті қалыптастыру үшін еліміздегі TikTok, Instagram, Facebook, Вконтакте және YouTube платформаларының өкілдерімен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.

Талқылау