Қазақстанда автотұрақ ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері жарияланды
Фото: kolesa.ru
Қазақстанда көлікті дұрыс қоймау немесе тоқтату ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері нақтыланды. Енді мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл көлемі 11 796 теңгеден 39 320 теңгеге дейін өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тоқтау немесе көлікті қою ережесін бұзу фактісі үшін жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, бұл 19 660 теңге.
Ал жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіретін немесе қоғамдық тәртіпті бұзатын жағдайларда айыппұл көлемі ұлғаяды. Мысалы, көлікті тротуарға, гүлзарға, балалар немесе спорт алаңына қою, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған орындарға тұрақтау сынды әрекеттер үшін 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек ақылы автотұрақ үшін төлем жасамаған жүргізушілерге де жаза қолданылады. Алғаш рет анықталған жағдайда 1 АЕК (3 932 теңге), ал жыл ішінде қайталанса 2 АЕК (7 864 теңге) айыппұл салынады.
Қазақстанда енді жылдамдықты асырғаны үшін 117 мың теңгеге дейін айыппұл салынады
"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шекарадан өтетін жүк көліктеріне жаңа төлем мөлшері бекітілгенін жазған едік. Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, Қазақстан шекарасы арқылы өтетін жүк көліктері үшін төлем тәртібі өзгерді. Енді электронды кезек жүйесі арқылы алдын ала бронь жасап өту 1 АЕК (3 932 теңге) болып белгіленді. Сондай-ақ кезектен тыс өту – 1 АЕК, ал жеделдетілген тәртіппен өту немесе қайта брондау кезінде пайдаланылатын слот үшін төлем 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде болады. Бұдан бөлек, көлікті электронды кезек жүйесі арқылы өткізу үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде кепілдік жарна енгізіледі.

"Финалда секеңдеп, секіріп дұрыс емес үлгі көрсетемін бе деп қорықтым. Маған шоу көрсет деді..." – Айдос Сұлтанғали
