Қазақстанда автобустарға жүргізушілерді жолаушылардан қорғауға арналған кабина орнатылмайтын болды
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда қоғамдық көлік жүргізушілерін жолаушылардан қорғау үшін арнайы кабина орнату мәселесі талқыланып жатқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жолаушылар тарапынан жүргізушілерге жасалған шабуылдарға байланысты автобус жүргізушілерін арнайы кабиналармен қорғауды сұраған депутат Асылбек Нұралиннің сауалына жауап берді.
Мәжіліс депутаты Нұралин қоғамдық көлік жүргізушілеріне жасалатын шабуылдар қауіпті үрдіске айналып бара жатқанын, бұл оқиғалар тек жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтып сауал жолдаған еді.
"Сондықтан барлық тәуекелдерді ескере отырып, қоғамдық көлік ішіне жабық кабиналар мен бейнебақылау камераларын орнату бойынша міндетті шараларды қабылдау қажет", – деді депутат.
Премьер-министрдің айтуынша, мұндай шаралар қылмыс деңгейі жоғары елдерге қажет.
Ақтөбеде автобус жүргізушісі жол ақысын төлемеген оқушыға еден жуғызған
"Қазір қоғамдық көлік жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулау мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, өйткені мұндай тәсілді қылмыс деңгейі жоғары елдер қолданады", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Жауапта көптеген елдерде жүргізушінің денсаулығы нашарлаған жағдайда (мысалы, жүргізуші есінен танып қалса) оған жолаушылардың көмек көрсетуі үшін оларды жолаушылардан оқшауламайтыны айтылған.
Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге арналған заң жобасында қоғамдық көліктерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау қарастырылғаны айтылған. Бұл арқылы автобустардағы құқықбұзушылықтарды тіркеу жоспарланып отыр.
Еске салайық, 2023 жылдың 22 желтоқсанында Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқан еді. Полицияның мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып, есінен тандырған. 2024 жылдың желтоқсанында тағы да Алматыда жолаушы автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, кабинаны сындырғаны туралы жазған едік.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
