Қазақстанда ауаның шамадан тыс ластануы кезінде мектеп оқушыларын қашықтан оқуға көшіру ұсынылды
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда ауаның шамадан тыс ластануы кезінде мектеп оқушыларын қашықтан оқуға көшіру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатор Ольга Булавкина оқушылардың денсаулығын қорғау үшін мектептердің қолайсыз метеорологиялық жағдайларда қашықтан оқытуға көшу құқығын заң жүзінде бекіту қажеттігін мәлімдеді.
Ольга Булавкина премьер-министрге жолдаған депутаттық сұрауында заңнамадағы олқылықтардың ауаның ластануын бақылауға және экологияға зиян келтірген кәсіпорындарды жазалауға кедергі келтіретінін айтты.
Сенатордың сөзінше, Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтарында ауа сапасының нашарлығына байланысты аурулар саны өсіп келеді.
“Ауаның ластануы ауру мен өлім-жітімге әкелетін негізгі факторларының бірі болып отыр. Қалалардағы өнеркәсіп кәсіпорындарының шоғырлануы мен қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тұрақты түрде тұмшаның түзілуіне әкеледі. Бұл тікелей тұрғындар арасында тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың өсуіне әсер етеді, бұл дерек ДДҰ мен денсаулық сақтау министрлігінің деректерімен расталады”, – дейді Ольга Булавкина.
Депутат ауаның ластануына қарсы күресті заңдағы олқылықтар тежеп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, қолданыстағы нормалар кәсіпорындарды тиісті түрде бақылауға, заңбұзушылықтардың жедел алдын алуға және кінәлілерді жазалауға мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ депутат оқушылардың денсаулығын қорғау үшін мектептердің қолайсыз метеорологиялық жағдайларда қашықтан оқытуға көшу құқығын заң жүзінде бекітуді ұсынды.
“Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қашықтан оқытуды ресми білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың бір формасы ретінде бекіту керек, бұл қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) екінші және үшінші дәрежеде немесе зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясының (РЕК) үш есе артуы кезінде қолданылатын болады. Бұл атқарушы органдарға оқушылар мен студенттерді денсаулығын қорғау мақсатында қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді”, – дейді депутат.
Булавкина сондай-ақ бақылаушы органдарға ауадағы ластаушы заттардың рұқсат етілген мөлшерден асқаны расталған жағдайда тексерулерді автоматты түрде бастауға рұқсат беруді де ұсынды.
Еске салсақ, осыған дейін алматылықтардың жағымсыз түтін иісіне жаппай шағымынан кейін экологтар ауа сапасын тексергенін жазғанбыз.
Халық елде жұмыс, үкімет 500 мыңға жұмыс істейтін адам жоқ дейді. Елде жоғары айлықты кімдер алады?