Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскери борышын өтеп жатқан cарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ларға грантқа түсе алады

ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ нәтижесінсіз-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсе алатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

сарбаз

Оның айтуынша, әзірге бұл бастаманы 30 университет қолдады. Алдағы уақытта олардың саны 50-ге дейін жетуі мүмкін.

Қазір жоғары оқу орындары жауынгерлер тегін түсе алатын мамандықтар тізімін дайындап жатыр.

Айта кетсек, бұл мүмкіндікті әскери қызметі кезінде жақсы көрсеткіштерге ие болғандар ғана пайдалана алады. Жауапты ведомство бұл жаңашылдықты жастарды  әскерге  баруға ынталандыру үшін енгізген.

“Еліміздің жоғары оқу орындары әскерде ең жақсы нәтиже көрсеткендерге грант беруге дайын. Әскери академиялар да оларды емтихансыз қабылдайды. Іріктеуді Қорғаныс министрлігі, шекаралық қызмет және Ұлттық ұлан өкілдері жүргізеді. Бұл тізімге ілікпегендер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ ақылы бөлімге түсе алады. Қалағандарға осы мүмкіндікті әскери қызметін аяқтаған сәттен бастап екі жыл ішінде пайдалануға рұқсат”, – дейді Айгүл Төлембаева. 

Әскерге шақыру бойынша борышын өтеген қазақстандықтар ҰБТ ұпайларын есепке алмай, жоғары оқу орындарына ақылы түрде де оқуға түсе алады.

Кеңесші жобаны іске асыру ауқымды заңнамалық өзгерістерді қажет етпейтінін айтты.

“Әскери борыныш өтеп келгендер жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ала алады. Бұнымен қоса олар жоғары оқу орнындағы әскери кафедрадан тегін білім алады, - дейді Қорғаныс министрінің кеңесшісі. 

Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүргендерге несиелік демалыс беру мәселесін пысықтауда.

Сондай-ақ министрлік сарбаздардың қауіпсіздігі мәселесін де қолға алмақшы. Мәселен, аға офицерлерлердің жауапкершілігін арттырып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнату жоспарда бар.

Психологтар да жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдық қолдау көрсетпек.

Талқылау