Қазақстанда артық жұмыс істеуге тыйым салу ұсынылды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Әбілғазы Құсайынов артық жұмыс істеу отбасы институтына және елдегі демографиялық жағдайға теріс әсер ететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, тұрақсыз әрі шамадан тыс жұмыс кестесі отбасыларды бірге уақыт өткізу мүмкіндігінен айырып, отбасылық байланыстарды әлсіретеді.
"Артық жұмыс істеу отбасының ең басты құндылығы – бірге өткізетін уақытынан айырып, отбасы институтын әлсіретеді. Адам кеш әрі шаршап-шалдығып үйге оралғанда, ауыспалы кестемен жұмыс істеп, нақты демалыс күнін білмеген жағдайда ортақ отбасылық дәстүрлер – бірге кешкі ас ішу, демалыс күндерін өткізу, отбасылық әңгімелер жойылады. Нәтижесінде серіктестер бір-бірінен алшақ өмір сүре бастайды. Соның салдарынан жаппай артық жұмыс істеу туу көрсеткішін тікелей төмендетіп, елдегі демографиялық ахуалға кері әсер етеді", – деді Әбілғазы Құсайынов.
Илон Маск әлем елдеріндегі туу көрсеткіштері картасын жариялады: Тізімде Қазақстан да бар
Құсайынов осы жағдайда Конституцияның 24-бабының жаңа редакциясы айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, әркімнің демалысқа құқығын бекітетін 4-тармақ, сондай-ақ жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін кепілдіктер қазіргі заман талаптарына сай келеді және оларды жүйелі түрде сақтауды талап етеді.
Еске салсақ, бұған дейін бірнеше жұмыс істейтін қазақстандықтар декларация тапсыратыны туралы жазған едік.