Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда армениялық автокөліктерді тіркеу мерзімі тағы ұзартылды

Қазақстанда Армениядан әкелген автокөліктерді тіркеу мерзімі бір жылға - 2022 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан әкелінген және тіркеу шарттарына сәйкес келетін 20 мыңнан астам көлік есепке қойылған. Дегенмен көлігін тіркеп үлгермегендер де жетерлік, себебі де жоқ емес.

"Күрделі эпидемиологиялық жағдай мен карантин шектеулерінің ұзаққа созылуына байланысты енгізілген мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеулерінен автокөлікті Арменияға кері әкету проблемалары туындады. Кейбір автокөлік иесі де карантинге байланысты, қайта жабдықталған автокөліктерді зертханаларда уақытылы сынақтан өткізе алмады, себебі олар кей өңірде жұмыс істемейді", - делінген Қазақстан ІІМ хабарламасында.

Сонымен қатар, көлік иелерінің бір бөлігі мүліктің "қаржы пирамидалары" (автокөлік ломбардтарда, микрокредиттік ұйымдарда кепіл мүлкі болған) бойынша қылмыстық істерді тергеуге байланысты мүмкіндігі шектелген.

Сондықтан үкімет мұндай автомобильдерді тіркеу мерзімін 2022 жылдың 1 наурызына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Бұдан басқа, Қазақстанда тіркеуден өткен осындай автомобиль иелерін Арменияда салықтан босату туралы үкіметаралық келісім ішкі және мемлекетаралық рәсімдерден өтіп жатыр. Аталған шаралар автокөлік иелерін (Армения мен Қазақстанда) "екі рет" салық төлеуден босатуға бағытталған.

Мемлекеттік органдар үкіметінің аталған шешімдерін іске асыру жөнінде тиісті шаралар қабылдайды.

Еске салайық, 2020 жылдың қаңтарында ІІМ Қазақстанға  Ресей, Қырғызстан және Армениядан әкелінген және есепке алынбаған автомобильдер тіркеу керек екенін мәлімдеді. Олай болмаған жағдайда аталған автомобильдер айыппұл тұрағына қойылып, содан кейін елден толығымен шығарылады.

Ресми деректер бойынша Қазақстанға Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік құралдары әкелінген.

2020 жылдың тамызында кем дегенде тағы үш мың армян көлігі тіркеуден өтпегені туралы хабарланды. Осыған байланысты Армениядан Қазақстанға әкелінген автомобильдерді тіркеу мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды.

STAN.KZ
Сенбі, 27 Ақпан, 2021 13:38
Талқылау