Қазақстанда әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желіде кіммен сөйлесетінін білмейді – Қауіпсіздік маманы
Еліміздегі әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желіде қандай ақпарат жариялап, кіммен сөйлесетінін білмейді. Соның салдарынан жеткіншектердің 5% кибербуллингке тап болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: naked-science.ru
Касперский зертханасы жүргізген сауалнамаға сәйкес балалардың дені тикток желісін пайдаланады.
Мәліметтерге сенсек, 11 жасқа дейінгі балалардың жартысына жуығында жеке парақша бар. Онда жасөспірімдер жеке суреттерінен бөлек мекен-жайын да жариялайды екен. Ұялы телефон нөмірін көрсететіндер де аз емес. Ал балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының мамандары жеке деректерді ашық жариялау алаяқтардың жұмысын жеңілдетеді деп отыр.
"Касперский зертханасы" балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденконың айтуынша, ата-ана балаларының әлеуметтік желідегі жеке парақшасын бақылауда ұстауы қажет.
"Балалар ұялы телефон нөмірлерін ашық жариялағанның салдарынан алаяқтар олардың ата-анасының картасынан оңай ақша шешіп ала бастаған. Сондықтан әрбір ана немесе әке балаға цифрлық сауаттылық, этикет ережелер мен киберқауіпсіздік саласындағы негізгі ұғымдар туралы айту керек. Егер жеткіншек кибербуллингке тап болса, жәбір көрсеткісі келген адамды бірден бұғаттағаны дұрыс. Өйткені соның кесірінен елімізде суицид белең алып жатыр", – деп түсіндірді Андрей Сиденко.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі жасөспірімдер арасындағы суицидтік ойындарға қатысты мәлімдеме жасағанын жаздық. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері 22 мыңға жуық заңсыз шетелдік интернет-ресурс анықталып, барлығын бұғаттау туралы талап уәкілетті органға жолданған.