Қазақстанда "Арақ королі" Сұлтан Махмадов ұсталды
Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Жамбыл облысында "Арақ королі" атанған Сұлтан Махмадов басқарған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылғанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, "БМ" ЖШС мен онымен байланысы бар өзге де компаниялар басшылығына қатысты қылмыстық топ құрып, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны бойынша тергеу басталған.
"Тергеу дерегіне сай, Махмадов Сұлтанның басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ міндетті лицензиясыз Жамбыл облысы аумағында акцизделетін өнім – этил спиртін жаппай өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу қызметін жүргізген.
Айта кету керек, Махмадов 2010 жылы дәл осындай қылмыс үшін сотталған.
Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында күдіктілер өз жұмысын биоэтанол мен мал азығына арналған қоспаларды заңды түрде өндіру ретінде көрсеткен.
Алайда іс жүзінде серіктестік аумағында өнеркәсіптік көлемде этил спиртін өндіруге толық жабдықталған жасырын спирт зауыты ұйымдастырылған", - делінген хабарламада.
Агенттіктің дерегінше, ұйымдастырушылар бірнеше өңірді қамтитын өткізу желісін құрған.
"Этил спиртін жеткізудің тұрақты арнасы жолға қойылып, ол Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан жасырын цехтарға жөнелтіліп отырған. Бұл цехтарда жеткізілген спирттен тұрғындардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін суррогат алкоголь өнімдері дайындалған.
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді.
Сонымен қатар өндірістік база аумағында жүргізілген тінту барысында 18 дана майнинг жабдығы анықталды. Қазіргі уақытта тәркілеу мақсатында 7 автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Агенттік өкілі тергеу жалғасып жатқанын, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.
Айта кетсек, Сұлтан Махмадов БАҚ-та "Арақ королі" деген атпен танымал тараздық кәсіпкер, заңсыз алкоголь өндіру ісіне байланысты атышулы қылмыстық істің басты фигуранты саналады. Оның бұл лақап аты 2009 жылы үйқамақтан қашуға талпыныс жасағаннан кейін кеңінен тараған.
Сол кездегі деректерге сүйенсек, 2009 жылдың 6 тамызында Махмадов күзетшілерді алдап, екінші қабаттағы жатын бөлмесінің терезесінен секіріп түсіп, үй ауласынан қара қақпа арқылы шығып кеткен. Далада күтіп тұрған көлікке отырып, белгісіз бағытқа кеткен.
Махмадов негізін қалаған "БМ" ЖШС бастапқыда банкаларға қақпақ шығаратын шағын өндіріс болса, кейін құрама жем, құс еті, биоэтанол және қант өндіретін ірі кәсіпорынға айналған.
2010 жылы ол заңсыз алкоголь өндіріп, оны сатқані үшін сотталып, көлеңкелі бизнесті ұйымдастырғаны дәлелденген соң жазаға тартылған.

Әкімдік қаладағы ескі брусчаткалардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтты: Алайда Боқаев төсеуіштің жеке қолға сатылып жатқанын түсіріп алған (видео)
