Қазақстанда араб шейхтары Қызыл кітапқа енген құстарды қырып тастаған
Сауд Арабиясынан келген аңшылар Жамбыл облыстық прокуратурасы мен Ішкі істер департаменті арасындағы үлкен дауға себеп болды, деп хабарлайды КТК.
Тәртіп сақшылары Бетбақдалада Қызыл кітапқа енген аң-құсты жайратып жүрген екі шейхты ұстаған екен. Кейін оларды аудан прокуроры босатып жіберіпті. Жеме-жемге келгенде бай браконьерлер жазадан құтылып кеткелі тұр.
Қос арабтың қымбат көлігінен тәртіп сақшылары тұқымы сиреп бара жатқан 6 қарабауыр бұлдырығы мен бір дуадақты және тіркеуде жоқ ескі аңшы мылтығын тәркілеген. Қызыл кітапқа енген құсты өлтіргендері үшін брконьерлерге 6 млн теңге айыппұл немесе үш жылға дейін сотталуы мүмкін еді. Алайда прокурорлар полицейлердің қамауға алу шешімін негізсіз деп тауып, қаскөйлерді босатып жіберіпті. Қазір шейхтардың қайда жүргендері белгісіз. Полиция прокурорлардың мұнысын түсінбей отыр. Ал олар өздерінше ақталып әлек. Айтуларынша, шетел азаматтары жазадан құтылып кетті дегені бекер.
“Күдіктінің жасаған қылмыстық іс әрекеті орта дәрежелі санаттағы қылмыс түріне жатады. Тергеу үшін ішкі істер бөліміне келіп тұруы міндеттелді. Олардың құжаттары тергеушілердің қолында. Сондықтан ешқайда кете алмайды. Қазіргі таңда екі шетел азаматы Жамбыл облысында тұрақтаған”, – деді Жамбыл облыстық прокуратурасы 1- басқармасының аға прокуроры Абырой Азаматов.
Оқи отырыңыздар: Қазақстанның Қызыл кітабына қандай құстар енгізілген