Қазақстанда "Аналар күні" және "Әкелер күні" мерекесі пайда болды
Елімізде "Аналар күні" және "Әкелер күні" мерекесі пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі жаңа мерекелермен толықты. Үкімет басшысы тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы Дархан Қыдырәлі мәлім етті.
Халықаралық бекітілген күндерге сәйкес "Аналар күні" мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, "Әкелер күні" мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі.
“Халқымыздың "Отан отбасынан басталады" деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі", – дегені белгілі.
Отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екені анық. Министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының "Қазақстандық отбасылар" ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл сауалнамаға қатысқан 86%-дан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ отбасылардың жартысынан көбі жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз және тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған”, – деп жазды Дархан Қыдырәлі.
Оның сөзінше бұл мерекелер отбасы институтын нығайтып, ұлтшылдығымызды арттыруға септігін тигізеді.
“Аталған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінгі Балалар құқығын қорғау күнінде пайда болған мәні зор мерекелер құтты болсын! Әкелеріміз бен аналарымыз аман болсын!” – дейді Дархан Қыдырәлі.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
