Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алтын өндірісін тиімді ете түсетін жаңа комбинат салынады

Solidcore Resources компаниясы "Ертіс гидрометаллургиялық комбинатын" (ЕГМК) салу жобасын ұсынды. Бұл зауыт көміртегі мөлшері жоғары сульфидті, алтын құрамдас концентраттарды өңдеуге арналған. Жоба Қазақстан үкіметі тарапынан елдің өнеркәсіп саласындағы 17 ірі жобаның қатарына енгізілді. Solidcore Resources компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис жобаның іске асырылу барысы мен ЕГМК-ның қазіргі жағдайын премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесуде таныстырды.

Компания Павлодар облысында алтын құрамдас концентраттарды өңдейтін комбинат салуды жоспарлап отыр. Болашақ комбинаттың орналасуы компанияның Қостанай және Абай облыстарындағы шикізат базасына тікелей байланысты. Бұрын концентрат Ресей мен Қытайдағы кәсіпорындарда "дорé" құймасына дейін өңделетін. Себебі Қазақстанда қолданылатын технологиялардың ешқайсысы компанияның кеніштерінен алынған “өңдеуге қиын” және “өте күрделі” концентраттарды тиімді түрде өндіре алмайды. Алайда компанияда осындай концентраттарды өңдеуде үлкен тәжірибе жинақталған. Сондықтан олар Қазақстанда таза алтын өндірудің толық өндірістік циклін құруды шешті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2024 жылы 132,32 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірілген. Оның ішінде аффинаж зауыттарында 74,26 тонна бағалы металл алынған. Сонымен қатар 29,1 тонна доре құймасы өндірілген. "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" (ЕГМК) жобасының іске асырылуы бұл көрсеткішті жылына бірден 15 тоннаға арттырады. Яғни өндіріс шамамен 50 пайыз өседі. 

Қазір көп өндіріс орындарында қолданылып жүрген әдістер алтынды небәрі 20-40% ғана тиімділікпен бөліп алады, бұл – төмен көрсеткіш. Ал ЕГМК болса, автоклавты тотығу әдісін қолдану арқылы жылына 300 мың тоннаға дейін концентратты өңдеп, алтынды 94-96% тиімділікпен алуды жоспарлап отыр.

Жоғары тиімділігіне қарамастан, ЕГМК технологиясы табиғи ресурстарды, соның ішінде суды, мейлінше аз пайдалануды көздейді. Комбинаттың жылдық көмірқышқыл газы (СО₂) шығарындылары шамамен 200 тонна болады. Бұл – өңірдегі қолданыстағы металлургиялық кәсіпорындар арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Жобаның ерекшелігін ескерсек, қазір мұндай өндіріс Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жоқ. Сондықтан жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін комбинат құрылысына қатысты кейбір жұмыстар қатарынан жүргізіліп жатыр.

Қазір компания Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жоспарланып отырған қызмет туралы өтініш тапсырды. Жобаның қамту аймағы анықталып, ықтимал экологиялық әсерлер туралы есеп әзірленді. Осының нәтижесінде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Олар Қазақстан заңнамасындағы талаптар мен нормаларға сай ұйымдастырылады. Барлық қажет рәсім аяқталғаннан кейін ғана компания гидрометаллургиялық комбинаттың құрылысын бастайды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 12:33
Талқылау