Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет: ШҚО тұрғыны мембраналық матадан спорттық киімдер тігуді қолға алды

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Саят Шаяхметов 30 жасында сүйікті ісі – тігін тігуді кәсібіне айналдырды. Қазіргі таңда мембраналық материалдан жоғары сапалы сырт киімдер мен белсенді демалысқа арналған бұйымдар тігетін кейіпкеріміз Қазақстанда бұрын соңды болмаған бизнесті жолға қойған. Айтуынша, отандық нарықта танымал брендтермен "бір сапта" тұруға қауқарлы өнім өндіру – арманы. Ал Аграрлық кредит корпорациясынан микрокредит алғаннан соң ол бұл арманына бір саты жақындай түсіпті.

Сурет Саят Шаяхметовтен

Саят Бауыржанұлы Қатон-Қарағай ауданының тумасы. Жастайынан тігін тігуге бейім жігіт ер жетіп, буыны қатайған соң да, сүйікті ісінен алыстамаған. Тігінге деген махаббаты оның өз кәсібін дөңгелетіп, бүгінде мол сұранысқа ие – тау спортына арналған киімдер мен бұйымдар тігетін цех ашуға жол ашыпты. Бұл жолда мамандығы бойынша жұмысын тастап, толыққанды киім өндірісіне бет бұрған.

"Арнайы тігін тігуді үйрететін мектепті немесе курстарды бітірдім деп айта алмаймын. Кішкене күнімнен киімді қалай тігуді білемін. Мектепті аяқтаған соң Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға түстім. Мамандығым – тілмәш. Ағылшын тілінің маманымын, аудармашымын. Оқуды аяқтаған соң магистратураға түстім. Жалпы тігін тігу ДНҚ-да бар деп ойлаймын. Әкем тігетін, туыстарым да тігінге жақын", - дейді ол. 

Сурет Саят Шаяхметовтен

Саяттың сөзінше, оның тіл білетіні кәсібін дамытуға зор үлес қосқан. Мембраналық маталардан қыстық шалбар, рюкзак немесе күртеше тігудің арнайы технологиясын да ол интернет арқылы зерттеп, шетелдік мамандардың тәсілін меңгеріп алыпты. Ағылшын тілін білгеннің ең негізгі артықшылығы да осы, дейді ол. 

"Шетелдік мамандардан үйрендім. Қазір маған ұстаз керек жоқ, мен біреуге үйретуге дайынмын. Пішімін келтіріп, арнайы белсенді демалысқа лайықтап киім тігу оңай дүние емес. Оның көптеген ерекшелігі, ескеру керек тұсы жетерлік. Елімізде бұл бағыттағы киім нарығы тұтастай шетелдік киімдерге лық толы. Алайда өзіміздің отандық өніміміз жоқ. Сондықтан Altay Outwear деп аталатын спорттық киімдер брендін аштым", - дейді Саят. 

Сурет Саят Шаяхметовтен

Кейіпкеріміз белсенді тау демалысына арналған киімдер елде зор сұранысқа ие екенін айтады. Әсіресе, Ресейден келетін тапсырыстар саны аз емес, дейді ол. Сондықтан алдағы уақытта өндіріс желісін арттыру бағытында жұмыс істемек. 

"Мен бұл істі былтыр қаңтар айында бастадым. Бастапқыда банктен 1 млн теңге көлемінде несие алдым. Сол ақшамен кәсібімді бастап, қажет-жарағымды алдым. Тіккен киімдерім сұранысқа ие болып, жергілікті деңгейде таныла бастағанда, тағы да несие алу жағын ойластыра бастадым. Кейіннен таныстарымнан жеңілдетілген шағын несие жайлы ести сала, Аграрлық кредит корпорациясына жүгіндім. Бизнес жоспар құрып, оны сәтті  қорғап, міне тамыз айында маған 2,5 пайызбен 5 млн теңге көлемінде микрокредит берілді. Бұл ақшаға жабдық сатып алдым. Енді алдағы уақытта тігінші аламын. Іздеп жатырмын. Тәжірибесі жоқ болса да жарайды, өзім үйретіп аламын", - деді ол.

Сурет Саят Шаяхметовтен

Саят қазіргі таңда сырт киімдер, спорттық киімдер мен шалбарлар, оған қоса рюкзактарды өзі тігеді. Шикізатты, яғни матаны Қытайдан алдырады. Бағасы - қолжетімді, дейді Саят. Мәселен, сырт киім шамамен – 35 мың теңге болса, спорттық киімдер 20-25 мың теңге, шаңғыға киетін шалбарлар – 20 мың теңгеге жуық. Цехта жалғыз өзі жұмыс істеп, күніне бір шалбар тігеді. Ал көптің сұрауына сай болу үшін цехтағы жүктеме де еселену керек. 

"Бизнесті дамытуда, табысты еселеуде мемлекет тарапынан ШОБ өкілдеріне, жастарға арналған қолдаудың маңызы зор. Мәселен, қазіргі алып отырған микрокредиттің пайызы төмен, жеңілдетілген болғандықтан оны төлеу де тиісінше жеңілдеу. Қазіргі таңда жұбайым ғана жұмыс істеп жатыр. Ал маған таза табысқа шығу үшін тағы шамамен бірер жыл кәсіпті тоқтатпау керек. Бастысы - қорықпау, даму, іздену. Сонда ғана нәтиже болады", - деп бөлісті жас кәсіпкер. 

Сурет Саят Шаяхметовтен

Айта кету керек, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жас аралығындағы жастар конкурстық негізде номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайтын шағын несиелер ала алады. Несие "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы жүзеге асады. Несиенің максималды сомасы 5 миллион теңгегені құрайды, сондай-ақ кепілзат болуы міндетті. Шағын несиелерді кез келген мақсат үшін 5 жылға, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.

Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол шағын несиелеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды. 

Сурет Саят Шаяхметовтен

Өтінім беру үшін мына құжаттар пакетін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет:

  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • бизнес-жоспар;
  • шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама; 
  • кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
  • қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табысын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
  • кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
  • кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша жыл басынан бері 245 жас азамат жеңілдетілген несие алды.

Талқылау