Қазақстанда 7 миллиард теңгеден аса қаражатты негізсіз жұмсаудың алды алынды
2023 жылдың тамыз айында іске қосылған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы өз қатарына 2,7 мыңнан астам белсендіні біріктірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белсенділердің күш-жігерінің арқасында 7 миллиард теңгеден астам сомаға тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру тәуекелдеріне жол берілмеді.
Мысалы, жемқорлыққа қарсы еріктілер Орал қаласының әкімдігінің 45 миллион теңге сомасына бейнеконференцбайланыс жабдығын сатып алуын тоқтатты. Себебі ұқсас жабдықтың нарықтық құны шамамен 4 миллион теңге болады.
Шымкент қаласының еріктілері білім басқармасымен және бірнеше мектептермен жетім балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша сатып алуды қайталау фактісін анықтады. Уақытылы ден қою нәтижесінде бюджет қаражатының 78 миллион теңгесінің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Түркістан қаласында еріктілер жылу энергиясын есептеу кезінде тарифтерді негізсіз көтеру фактісін анықтады. Көп қабатты тұрғын үйлерде есептеу құралдары орнатылғанына қарамастан, есептеу шаршы метрмен жүргізілген, бұл жылыту құнының өсуіне әкелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 32 көпқабатты тұрғын үйдің 2 мыңнан астам тұрғыны үшін шамамен 13 миллион теңгеге қайта есептеу жүргізілді. Елордада еріктілер "Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтердің жағдайын тексерді.
Тексеру нәтижелері бойынша мердігерлер радиаторлар мен электр розеткаларының болмауы, аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары және басқа да ақаулар сынды көптеген кемшіліктерді жойды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер қызметінің арқасында халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағытталған қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.