Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 58 жекеменшік мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

Қазақстанда лицензиясыз жұмыс істеген жекеменшік мектептерге айыппұл салынып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде заңды рұқсат алмай бала оқытумен айналысқан 58 білім ордасы жауапкершілікке тартылған. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл мектептер әзірге жұмысын тоқтатпаған. Мектептер айыппұл төлеп, олқылықты реттеуге уәде берген. Бірақ анықталған заңбұзушылықтар сотқа жолданды дейді министрлік өкілі.

"Айыппұлдарын алып, іс сотқа жіберілді. Егер олар белгіленген уақыт мөлшерінде тағы да 6 ай ішінде лицензия алмаған жағдайда қайтадан екінші бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Сөйтіп соттың шешімімен мектептің жабылуына дейін көзделген заңнамада шаралар қарастырылған”, – дейді оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Үміт Хамидуллина.


Қазақстанда инфляцияға байланысты мектептегі тамақтың бағасы өседі


Министрлік қызметкерінің айтуынша, рұқсатсыз бала оқытып назарға ілінген мектептердің кейбірі құжатын реттеп, бүгінде 17-сі қызметін талапқа сай атқарып жатыр екен. Ал жекеменшік мектеп кәсіп үшін емес, білім сапасын арттыру үшін ашылады деген заңгерлер лицензия кәсіпкерден талап етілетін ең бірінші негізгі құжат болуы қажет дейді.

"Жекеменшік білім саласындағы қызметтердің сапалығын және олардың білім деңгейін тексере алмағандықтан сол үшін лицензиялық талап міндетті болу керек. Өйткені, біріншіден, білімнің сапалы болуына және сол стандарттарға сәйкестігін көрсететін ең бірінші нормативтік құжат ретінде қараймыз. Екіншіден, осы қызметті жүзеге асыру кезінде сондағы педагогтардың қаншалықты білікті екенін білеміз”, – дейді заңгер Олжас Әлімов.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде елімізде 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Онда жалпы 250 мыңнан астам бала оқып жатыр. Айта кетсек, бұған дейін Тараздағы лицензиясы жоқ білім ордасы аяқ асты жабылып, 200-ден астам оқушы мектебіне бара алмай қалған болатын.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізу ұсынылған еді.

Талқылау