Қазақстанда 4 миллион қазақстандық ескі көліктері үшін салық жеңілдігін алады
Фото: freepik.com
Жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге салық жеңілдіктері қарастырылған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл жеңілдік 4 миллион автокөлікке әсер етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне ескі көліктерге арналған салық жеңілдігі енгізілді. Жоспарға сәйкес, ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі керек. Жеңілдік автокөліктің жасына "байланған" түзету коэффициенті береді – көлік неғұрлым ескі болса, жеңілдік соғұрлым көп болады.
Коэффициенттер мынандай болады:
- 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктерге – 0,7 (яғни 30% жеңілдік);
- 20 жылдан асқан автокөліктерге – 0,5 (50% жеңілдік).
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сенаттың жалпы отырысында мәлімдеуінше, жеңілдікті 4 миллион автокөлік иелері қолдана алады.
"Төрт миллион автокөлік бойынша көлік салығы мөлшерін азайттық. 10 жылдан асқан көліктерге – 30 пайыз, 20 жылдан асқан көліктерге – 50 пайыз. Бұл азаматтарға 30 миллиард теңгені "қалтасында қалдыруға" мүмкіндік береді", – деді министр.
Еске салсақ, 2025 жылғы 25 маусымда парламентте жаңа Салық кодексі қабылданып, президентке қол қоюға жіберіледі. Жаңа Салық кодексі парламенттің биылғы отырысында қаралған ең маңызды және өзекті құжаттардың бірі болды. Ол мәжіліске өткен жылдың қыркүйегінде ұсынылған еді.