Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 35 мыңнан астам студент жатақханасыз қалмақ

жатақхана ішінен

Қазақстанда студенттік жатақханаларда орын тапшы. 35 мыңнан астам студент жатақханасыз қалу қаупінде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жатақханалар негізінен бірінші курс студенттеріне беріледі, ал жоғары курс студенттері пәтер немесе балама баспананы өз бетінше іздеуге мәжбүр.

Осылайша Алматыда төртінші жыл білім алып жатқан талдықорғандық медицина факультетінің студенті Қайсар Сәдуов қонақ үйде тұруға мәжбүр болғанын айтты.

"Жатақханаға бірінші курс студенттерін ғана кіргізеді. Студенттерге арналған үйді өзім тауып алдым. Бағасы мен үшін қолайлы, өзімді осында жайлы сезінемін. Оның үстіне орталықтан алыс емес. Ыңғайлы жерде орналасқан. Осы жерден автобусқа отырып, университетке 15 минутта жетемін", – деді ол.

Ең көп орын тапшылығы Алматыда тіркелді, онда 10 мыңға жуық орын жетіспейді. Қиын жағдай Ақтөбе облысында да байқалды, өзге өңірлерде мәселе шешімін тапқан.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласының тұрғын үй мәселесін шешуге ден қойғанын атап өтті.

"Алматыдан басқа Қазақстанның барлық өңірінде жатақхана мәселесін шешіп алдық. Қазір біздің барлық назарымыз Алматыда. Біздің дағдарыс орталығымызда қиын жағдайға тап болған студенттерге арнайы орындар бөлінген. Олар сонда түнеп, таңертең тыныштықпен жатақхана іздеп кете алады. Жатақхана тапшылығын хостелдер арқылы жауып жатырмыз", – деді министр.

Ғылым министрлігі жатақханада орын жетпеген студенттер далада қалмайды деп сендірді. Алматыда, Астанада және Шымкентте студенттер түнеп, душ қабылдап, тамақтанатын жағдай орталықтары бар, бірақ таңертең олар басқаларға орын босатуы керек.

Қырмызы Скендирова
Жексенбі, 17 Тамыз, 2025 08:09
Талқылау