Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Келісімшарт мерзімі 3 жыл: Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі пайда болады

Қазақстанда 2025 жылдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет пайда болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті заң жобасы мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

“Резервтегі қызмет арқылы Қазақстан өз армиясын өз еркімен қызмет етуге ниет білдірген азаматтар қатарынан жасақтаудың қосымша тәсіліне ие болады. Біз қосымша әскери резервшілерді дайын әскери құралымдарға жалдаймыз. Дабыл бойынша олар даярлықтан өткен әскери бөлімге келіп, дереу жауынгерлік міндеттерге кірісе алады”, – деді осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ермұрат Бапи.

Жоба Қазақстанның кәмелетке толған азаматтарына қатысты болады. Қызметке қабылдау ерікті түрде жүзеге асырылады. Іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен Қорғаныс министрлігі 3 жылға келісімшарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын бөлімдерде қысқа мерзімді оқудан және ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күндік жиындардан өтеді.

Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді: офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін.

Бүгінгі таңда заң жобасына сәйкес, олар мерзімді қызметтен немесе қысқа мерзімді әскери дайындық курстарынан өткен, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларда оқыған адамдар болады деп қарастырылып отыр. Резервшілер әскери бөлімдерде дайындықты жүзеге асырады. Оларға қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.

Депутат Ермұрат Бәпи қазіргі замандағы қарулы қақтығыстар әскери сипаттағы қауіп-қатерді тек дайындалған армияның күшімен ғана шешуге болатыны айғақталғанын алға тартты.

“Заң жобасы резервтегі әскери адамның тікелей әскери бөлімге келуі есебінен әскери бөлімдердің дайындық мерзімдерін қысқартуға да септігін тигізеді. Демек мемлекетке қауіп төнген жағдайда, армиямызда әскери немесе төтенше жағдай енгізілгенге дейін де, әскери қызметшілердің штат санына қосымша, дайындықтан өткен бірнеше мың жауынгер болады”, – деді Ермұрат Бәпи.

Осы тұста депутат заң жобасын қабылдау қазақстандықтардың патриотизм деңгейінің артуына алып келетінін жеткізді.

“Қарқынмен дамып келе жатқан қазақстандық қоғамға әскери істе жеткілікті дайындалған, ұтқырлығымен және ел тағдыры үшін айрықша жауапкершілік сезімімен ерекшеленетін азаматтар қажет”, – деді ол.

Талқылау