Қазақстан ЖОО-ларында ақылы білім алу құны қаншаға өсті – статистика
Биыл қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу ақысы біршама қымбаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
фото: ranking.kz
Қазақстанның 16 университеті QS World University рейтингіне енген. Үздік ондыққа АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария университеттері кірді. Оның ішінде 150-орында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті орналасқан. Үздік 500-дің тізімінде Қазақстанның бес ірі ұлттық университеті тұр.
Ranking зертеуінше, республикалық және аймақтық ЖОО-лар, сондай-ақ төрт негізгі кәсіби бағыт бойынша қарастырғанда, Назарбаев Университетін еліміздегі ең қымбат университет деп атауға болады. Бұл оқу орнында гуманитарлық мамандық алу үшін университет есепшотына жыл сайын 7,5 миллион теңге аударып отыру керек. Инженерлік немесе IT мамандығы бойынша оқу жылына 9 млн теңгені құрайды. Төрт жылдық бакалавриат кезеңі үшін сәйкесінше 30 млн және 36 млн теңге төлеуіңіз қажет.
Ақылы білім беру құны бойынша екінші орынды КИМЭП университеті иеленді. Университетте несиелік жүйе бар, ал төлемнің жалпы сомасы бір жыл ішінде жабылған академиялық несиелердің санына байланысты. Төрт жылдық барлық міндетті пәнді есепке алғанда, студент 16,4 млн теңге, бір жыл үшін шамамен 4,1 млн теңге төлеуі керек.
Бұнымен қоса Қазақстан-Британ техникалық университеті де ең қымбат университеттердің үштігіне енді. Мұндағы студенттер де кредиттік жүйе бойынша оқиды. Бакалавриаттың барлық кезеңіне оқудың сметалық құны 9,6 млн теңге, бір жылға – 2,4 млн теңге.
"Зерттеу нысаны болған 15 жоғары оқу орнының ең жиі ұсынылатын жылдық оқу ақысы 1 млн теңгені құрайды. Әдетте, техникалық және IT мамандықтары гуманитарлық ғылымдарға қарағанда қымбатырақ болады", - дейді сарапшылар.
фото: ranking.kz
Облыстық университеттердің көпшілігінде бір жылдық оқу құны кем дегенде екі есе төмен. Тізімде көрсетілген облыс орталықтарының 10 ірі оқу орнының көпшілігінде баға педагогикалық мамандықтар мен әлеуметтік ғылымдар бойынша 550-600 мың теңге, инженерлік мамандықтар мен IT бағыттары үшін 730-760 мың теңге аралығында болады.