Қазақстан жастары қытай тілін меңгеруі тиіс – Тоқаев
Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастар қандай тілдерді білуі тиіс екенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы "Российская газета" басылымында жарияланған "Мәңгілік достық – халықтарымызға жол сілтер темірқазық" атты мақаласында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Менің ойымша, Қазақстан жастары бірнеше тілді – қазақ, орыс, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді меңгеруі керек. Бұл – жаһандық әлемде табысқа жетудің маңызды шарты", – деп жазды ол.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстандағы тілдік алуантүрлілік бұл – ерекше артықшылық. Елімізде ондаған мәдениет үйлесімді өмір сүріп, бір-бірін толықтырып келеді. Орыс тіліне ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіледі, себебі ол елдің қоғамдық-саяси, ғылым-білім беру және рухани өмірінің ажырамас бөлігі.
"Орыс тіліне қолдау көрсету — бұл халықтар арасындағы диалог пен өзара сенімді нығайтатын кең гуманитарлық ынтымақтастықтың бір бөлігі. Дәл осы себепті мен Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтердім", – деп жазды Тоқаев.
Қазақстанда тоғыз беделді ресейлік жоғары оқу орнының филиалдары тиімді жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары білім беру саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар интитутының филиалы ашылды, ал Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл Ресей аумағындағы шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы өкілдігі болып саналады.
Мұндай бастамалар тек мамандар даярлау немесе академиялық байланыстарды дамытумен шектелмейді, олар шынайы сенім мен терең стратегиялық серіктестіктің берік көпірлерін қалыптастырады. Сонымен қатар Алматы қаласында ресейлік "Сириус" мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен баратыны хабарланды.