Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан жалға берілген Ыстықкөл маңындағы пансионаттарға жөндеу жұмысын жүргізбеген: Қырғызстан келісімшартты бұзуға ниетті

Қырғызстан Ыстықкөл жағасындағы төрт пансионатты Қазақстанға жалға берген. Алайда елімізде оларды жөндеуге және жаңа қонақүйлер салуға қаражат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Economist.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мұны Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Самат Шатманов Жогорку Кенештің көлік, коммуникация, сәулет және құрылыс комитетінің отырысында айтты.

Оның айтуынша, пансионаттар 49 жылға жалға берілген. Алайда тапсырылған сәттен Қазақстан жөндеу жұмыстарын немесе жаңа объектілердің құрылысын бастамаған.

"Бұл пансионаттар Қазақстан министрліктеріне жатады. Бірақ оларда біз сұраған үш, төрт жұлдызды қонақүйлерді салуға бюджет қаражаты жоқ. Енді олардың тарапы келісімге өзгерістер енгізуді және объектілерге инвесторларды тартуға мүмкіндік беруді сұрайды", – деп түсіндірді шенеунік.

Қырғызстан үкіметі 2006 жылы Ыстықкөл облысының аумағындағы төрт нысанды Қазақстанға тапсырған. Олардың қатарында Корумду ауылындағы "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы, "Самал" демалыс үйі және Бостері ауылындағы "Университет" спорттық-сауықтыру лагері, сондай-ақ Шолпан-Атадағы "Қазақстан" шипажайы бар. Нысандардың жалпы ауданы – 58 гектар.

“Келісімде нысан алты-жеті жыл ішінде жөнделуі керек деп жазылған. Қазақстан оларды үш немесе төрт жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізуі керек, сондай-ақ жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарының 80%-мен қамтамасыз етуі керек еді. Алайда бірде-бір шарт орындалған жоқ”, – деді Шатманов.

Қырғыстандық салық қызметі басшысының айтуынша, Қазақстанға жалға берілген төрт пансионаттың тек екеуі ғана жұмыс істейді. 2023 жылы олар шамамен төрт миллион сом салық аударған.

"Келісімдерге қол қойылды, бірақ белгіленген шарттардың орындалуын ешкім талап етпейді. Біз нысандарды 49 жылға бердік, ал егер шарттар орындалмаса, онда шарттың күші жойылуы тиіс", – деп наразылық білдірді депутат Ұлықбек Ормонов.

Талқылау