Қазақстан үкіметі екі үлкен су электростанцияларын БАӘ-ге сатудан бас тартты
Жаңа үкімет Шүлбі және Өскемен су электрстанцияларын сату жоспарынан бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін аталған су электростанцияларының 75 пайызы Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясына сатылатын болған.
Экс-премьер Асқар Мамин бастаған үкімет Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы заң жобасын әзірлеп те қойған. Шүлбі және Өскемен электрстанцияларының арабтардың қолына өтуі осы келісім аясында жүзегі асуы мүмкін болған.
Әзірге қос нысанның тағдыры белгісіз. Бірақ премьер-министр Әлихан Смайыловтың 10 қаңтарда, яғни әлі үкімет басшысы болмай тұрғанда қол қойған қаулысына сәйкес, Шүлбі және Өскемен су электрстанциялары толығымен Біріккен Араб Әмірліктерінің иелігіне өтуі мүмкін екендігі жазылған.
Экс-энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев үкіметтің мұндай қадамын электр станцияларының көнергендігімен байланыстырып, олар күрделі жөндеуді қажет етеді деген. Себебі біріне 60 жыл, екіншісінің қабырғасы қаланғанына 80 жыл. Яғни араб елінен келген инвесторлар қыруар қаржы құйып жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек болған. Ал жаңа министрлер кабинетінің неге айнып қалғаны түсініксіз.
Стратегиялық маңызы бар нысандар шетелдік емес, отандық инвесторлардың қолында болуы керек деп санайды отандық сарапшылар. Сатқан күннің өзінде бақылаушы пакет акциясы мемлекеттің қолында болғаны дұрыс. Ал су электростанцияларының жағдайы үкімет айтқандай мүшкіл емес екен.

Шерзат ісі бойынша үкім, Израиль-Иран қақтығысы, Үндістандағы ұшақ апаты: Маусым айы несімен есте қалды
