Қазақстан Түркияның жер сілкінісі болған аймағына мектеп салып бермек
2023 жылы қатты жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның Газиантеп провинциясына Қазақстан мектеп салып бермек. Мектептің іргетасы қаланыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: KazAID
19 желтоқсанда Түркия Республикасының Газиантеп облысының Нұрдағы қаласында мектеп құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.
“Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен салынған мектептің іргетасын қалау рәсімі өтті. Сондай-ақ шұңқыр қазу және құрылыс ресурстарын жұмылдыру бойынша дайындық жұмыстары аяқталды", – делінген хабарламада.
Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Газиантеп облысының губернаторы Кемал Чебер, сондай-ақ Түркияның сыртқы істер министрлігі мен оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты.
Түрік-қазақ бауырластығының символына айналатын мектеп құрылысының операторы ретінде KazAID тағайындалды. Агенттік Газиантептің 2023 жылы 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі екенін еске салды.
Қазақстан бұған дейін 101 адамнан тұратын екі эшелон құтқарушыларын жіберді. Зардап шеккендерге қаржылай көмектен бөлек Түркияға шатырлар, портативті әжетханалар, көрпе және басқа да қажетті құрал-жабдықтар жіберді.