Қазақстан Трамптың Иранмен сауда жасаған елдерге баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне пікір білдірді

Фото: pixabay.com
Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Иранмен сауда байланыстарын жалғастырып отырған елдерге қарсы кедендік баж салығын енгізу жөніндегі мәлімдемесіне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство жағдайды мұқият бақылап отырғанын, алайда Вашингтон тарапынан ықтимал шаралардың нақты параметрлері әзірге белгісіз екенін хабарлады.
“Қазір ықтимал шаралардың егжей-тегжейі мен оларды қолдану тетіктері әлі анықталған жоқ. Осыған байланысты министрлік оқиғалардың дамуының түрлі сценарийлерін бағалап жатыр”, – деп мәлімдеді сауда министрлігінде.
Министрлік Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық міндеттемелерін жүйелі түрде орындап келе жатқанын және сыртқы экономикалық саясатта байыпты әрі прагматикалық ұстанымды ұстанатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұл пікірге АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі себеп болды. Ол Иранмен сауданы жалғастырып отырған кез келген ел АҚШ-қа экспорттайтын барлық тауарға 25 пайыздық тариф төлейтінін жариялады. Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
“Осы сәттен бастап Ислам Республикасымен бизнес жүргізіп отырған кез келген ел Америка Құрама Штаттарымен жасалатын барлық бизнеске 25 пайыздық мөлшерлеме төлейді”, – деді Трамп.
Ол бұл шешімді түпкілікті деп атады, алайда тарифтердің нақты қалай енгізілетіні және қандай құқықтық негізде жүзеге асырылатыны туралы түсініктеме берген жоқ.
Іс жүзінде кедендік бажды америкалық импорттаушылар төлейтіндіктен, Иранмен ынтымақтас елдер үшін АҚШ нарығына жеткізілім айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Иран мұнай мен өзге де тауарларды Қытайға, Түркияға, Иракқа, БАӘ-ге және Үндістанға экспорттайды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл елдер ең көп зардап шегуі ықтимал.
Қытай Трамптың мәлімдемесіне қатаң реакция білдірді. ҚХР-дың Вашингтондағы елшілігі мұндай қадамды “заңсыз біржақты санкциялар” деп атап, өз мүддесін қорғау үшін “барлық қажет шараларды” қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қытай тарапы сауда соғыстарында жеңімпаз болмайтынын атап өтті.
АҚШ-тың бұл мәлімдемесі Ирандағы ауқымды үкіметке қарсы наразылықтар аясында жасалды. Наразылықтар бастапқыда экономикалық мәселелерге байланысты басталып, кейін саяси талаптарға ұласты. Жағдайды елде интернеттің дерлік толықтай өшірілуі одан әрі күрделендіріп отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Иранмен сауда байланыстарын дамытып келеді. Екі ел тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
“Біз екі ел арасындағы серпінді әрі конструктивті диалогты одан әрі кеңейтуге ниеттіміз. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 12,3% өсіп, 340 миллион доллардан асты. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 82% артып, 129 миллион доллар болды”, – деген еді сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген