Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан темір жолы" компаниясында қоластындағыларды балағаттаған қызметкердің видеосына қатысты тексеріс жүріп жатыр

Асан ҮмбетовФото: видеодан кадр

Шілденің аяғында "Қазақстан теміржолы – жүк тасымалы" ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетовтің қоластындағыларды сыбап жатқан видеосы тарады. Бүгін үкімет отырысынан кейін өткен брифингте "Қазақстан теміржолы" басшысы Талғат Алдыбергенов осы жайтқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Компания басшысы кінәлілер жазаға тартылғанын атап өтті.

"Ол компания мен қауіпсіздікке шын жанашыр. Сондықтан эмоцияға ерік берген. Бұл, айтпақшы, оң әсерін берді. Нәтижесінде машинист пен машинистің көмекшісіне сөгіс жарияланды", – дейді Албыдергенов.

Бұған қоса ол видеоны желіде жариялаған адамды анықтау үшін ішкі тексеріс жүріп жатқанын, видеоның желіде тарап кетуі компанияға соққы болғанын айтты.

Бұл жағдайға көлік министрлігінің басшысы (ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы) Нұрлан Сауранбаев та өз пікірін білдірді. Оның пікірінше, басшы мұндай әрекетке бармауы керек.

"Басшының бұлай сөйлеуге және қоластындағылармен бұлай сөйлесуге құқығы жоқ. Бірақ әрдайым контекст маңызды – көп нәрсе соған байланысты. Асанды жақсы танимын, ол жанашыр адам. Жаны ашитын адамдар өте аз, ондай адамдарды табу қиын", – дейді Сауранбаев.

Еске салсақ, бұл оқиға Қарағанды облысындағы вагондардың рельстен шығып кетуіне байланысты болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Асан Үмбетов қарамағындағы қызметкерлерді боқтық сөзбен сыбап, есеп талап еткен. Видеода дөрекі сөздер айтылғанымен, кейбір оқырмандар мұны орынды әрі шынайы реакция ретінде бағалады.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 12:56
Талқылау