Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ресейге шабуыл жасаған дрон бөлшектерінің жеткізілуіне қатысы жоғын мәлімдеді

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Ресейдің әскери нысандарына жасалған шабуыл кезінде қолданылған ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған қосалқы бөлшектер Қазақстан аумағы арқылы жеткізілді деген ақпарат тарады. Еліміздің сыртқы істер министрлігі бұл болжамды жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің расми өкілі Айбек Смадияров желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтыныны мәлімдеді. 

“Әрине, таңертең бұл хабарламаларды көрдім, Telegram-арналар мұны өршітіп жатыр. Мен түрлі болжам мен астарлы теорияларды түсіндірмеймін. Егер біздің органдарға қандай да бір ресми сұраулар түссе, біз барлық сұраққа ресми түрде жауап береміз”, – деді министрлік өкілі.

Бұған дейін кейбір Telegram-арналар Украина Ресейдің әскери аэродромдарына жасаған шабуылда қолданылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының қосымша бөлшектері Қазақстаннан Челябі облысына жеткізілген болуы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Алайда бұл ақпаратты ешкім ресми түрде растамады.

Сондай-ақ Украина қауіпсіздік қызметі шабуыл кезінде қолданылған жарылғыш құрылғылардың Челябіде құрастырылғанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, жексенбі күні украин дрондары Ресейдің бес өңіріндегі әскери аэродромдарға соққы жасады.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 08:47
Талқылау