Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясын не себепті айыптамады? Сыртқы істер министрі орынбасарының жауабы

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Deutsche Welle басылымына сұхбат беріп, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты сұрақтарға жауап берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Роман Василенко

Журналист Василенкодан Қазақстан билігінің Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын немесе әскери қылмыстарын неге нақты айыптамағанын сұрайды. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстанда ресейліктер мен украиндықтардың тұратынын алға тартып, бұл оқиғаның еліміз үшін де "қайғылы соғыс" болғанын айтады.

"Қазақстан өз ұстанымын нақты белгіледі. Біз БҰҰ жарғысы негізінде барлық мемлекеттердің, соның ішінде Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейміз. 20 миллион халқы бар, оның ішінде 3,5 миллион орыс ұлты мен 250 мың этникалық украин ұлты өмір сүретін Қазақстан үшін бұл қақтығыс өте жақын, қайғылы соғыс. Сол себепті де Қазақстан қантөгісті тоқтатып, шиеленісті реттеуге бар күш-жігерін салып атсалысып жатыр. Егер мұндай рөл Ресей мен Украина тарапынан сұранысқа ие болса, Қазақстан делдал рөлін ойнауға дайын екенін президентіміз бірнеше рет айтқан болатын", - дейді Роман Василенко.

Василенко сонымен қоса Украина қалаларында тігілген қазақтың мызғымас киіз үйлеріне қатысты пікір білдірген. Журналист "бұл жобаға ресми Қазақстанның қатысы бар ма" деп сұрайды.



"Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті, оның ішінде генераторлар, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізу түрінде жасалды. Бұл тақырып қазақстандық қоғамда қызу талқыланып, оның белсенді өкілдері түрлі акцияларға, соның ішінде сіз айтып өткен гуманитарлық көмек жіберуге, киіз үй тігуге ат салысты. Киіз үй қазақтар үшін – киелі, көшпелілер үйі саналады. Сондықтан біздің қоғам бұл көмекті жақсы қабылдады", - деп жауап берген Роман Василенко.

Журналист сонымен қатар "бір жағынан Украинаға соғыс ашып, екінші жағынан Батысты ядролық қарумен қорқытып отырған Ресей сияқты көршіден Қазақстан қорықпайды ма" деп сұраған.

"Қазақстан көп векторлы сыртқы саясатының арқасында әлемнің ешбір елімен нашар қарым-қатынаста болмаған бейбітшілікті сүйетін ел ретінде бұл шиеленістің тезірек аяқталуын шын ниетімен күтеді және біз өз тарапымыздан қандай көмек қажет болса да оны орындауға дайынбыз. Қазақстан бір кездері өзінің ядролық арсеналынан бас тартты, ол кезде бұл әлемдегі төртінші үлкен арсенал болатын. Біз қақтығыстарды әскери жолмен шешудің тұрақты шешім емес екенін айтудан тартынбаймыз. Біз БҰҰ Жарғысында көзделген қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге қайта оралудың маңыздылығы туралы айтуды да тоқтатпаймыз", - дейді сыртқы істер министрінің орынбасары.

Талқылау