Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан Ресей мұнайына тым тәуелді": Сенатор елімізге жанармайдың сырттан жеткізілетініне наразылығын білдірді

Сенат ҚР үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Ләззат Рысбекова мұнай саласындағы екіжақты ынтымақтастық қазақстандық кәсіпкерлерге өздері үшін қолайлы баға мен жеткізу шарттарын айқындай отырып, ресейлік мұнай өнімдерін сатушыларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтіп, заңды қолдады.

“Сонымен қатар, біздің ойымызша, бұл заң Қазақстанның мұнай өнімдерінің импортына тәуелділігі мәселесін одан әрі өзектендіреді”, – деді Рысбекова сенаттың жалпы отырысында.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың 10 айында Қазақстанда автобензинді тұтыну 9 мың тоннаға (өндіріс - 4 342 мың тонна, тұтыну - 4 351,6 мың тонна), авиакеросин - 231 мың тоннаға (өндіріс - 517 мың тонна, тұтыну - 748,1 мың тонна), дизель отынын өндіру - 499 мың тоннаға (өндіріс - 4 489 мың тонна, тұтыну-4 988,4 мың тонна) артқан.

“Қазақстанда мұнай өнімдерінің өндірілмеуі, өздеріңіз білетіндей, импорттық жеткізілімдер есебінен жабылатын тапшылыққа алып келеді. Олардың көлемі жоғарыда көрсетілген кезеңде 740 мың тоннаға жетті. Талдау көрсеткендей, бұл үрдіс жыл сайын нашарлап келеді”, – деп қосты Рысбекова.



Мысал ретінде сенатор Қазақстанға 376 мың тонна автобензин, авиакеросин және дизель отыны әкелінген 2019 жылғы деректерді келтірді. Яғни, бұл көрсеткіш толық емес 2023 жылмен салыстырғанда екі есе аз.

“Сонымен қатар, отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылғаннан кейін де мұнай өнімдерінің жетіспеушілігі мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Осыған байланысты, үкімет үшін басты міндет импорттық жеткізілімдер арқылы, атап айтқанда Ресейден мұнай өнімдерінің тапшылығы мәселесін шешуге бағдарлану емес, ішкі нарықтың қажеттіліктерін тек өз өндірісінің есебінен қамтамасыз ету болуы тиіс деп санаймын”, – деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан мұнай нарығындағы құбылмалылықтың алдын алуға өз үлесі ретінде мұнай өндіруді қысқартуға ниетті.

Талқылау