Қазақстан Ресей басқыншылығы туралы айтылатын БҰҰ қарарына қолдап дауыс берді
Қазақстан мен Қытай БҰҰ Бас Ассамблеясында Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынайтын тұсы бар қарарды жақтап дауыс берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дауыс беру 26 сәуірде өткен. "БҰҰ мен Еуропа кеңесінің серіктестігі" туралы қарарды 122 ел қолдаған. Олардың қатарында Ресейдің серіктесі деп есептелетін Армения, Бразилия және Үндістан да бар. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай мұндай құжатқа дауыс бергенде қалыс қалып келген еді.
Резолюцияда "Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағаны", "бұған дейін Грузияға агрессия көрсеткені", "Ресейдің құрбандарға шығынды өтеу міндеті" жайлы айтылады.
“Қазір Еуропа алдында тұрған теңдессіз сын-қатер [...] БҰҰ мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді, әсіресе бұл кез келген мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін құрметтей отыра, бейбітшілік пен қауіпсіздікті жедел қалпына келтіру үшін, соғыс қимылдары кезінде адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін, құрбандарға келген зиянды өтеу үшін және халықаралық құқықты бұзғандардың бәрін жауапқа тарту үшін керек", – деп жазылған қарар кіріспесінің 9-параграфында.
- Ресей Қазақстан арқылы санкциялардан жалтаруға тырысып жатыр - АҚШ
- Amanat партиясынан мәслихатқа сайланған депутат Зеленскийге "Түркияға шабуыл жасауды" ұсынды
- Ресей әскерін қолдап киіз үй тіккен Омбы қазақтарының кеңсесі өртеніп, желідегі парақшасы бұғатталды
Құжатқа Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа және Сирия қарсы дауыс берді. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан қалыс қалған елдердің қатарында. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі қарарды "айыптауы басым саясиландырылған құжат" деп сынайды.
Астана Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты бейтарап позиция ұстанып келеді. Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптамаған, бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеген.
Қазақстан осыған дейін Ресейдің Украинаға ашқан соғысын сынайтын қарарлардың көбінде қалыс қалып келген.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
