Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан президенті газ, АЭС құрылысы және қазақ-ресей елдері арасындағы инвестиция туралы айтты

Ресейдің “Известия” газетіне берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік газды Қазақстан аумағы арқылы тасымалдаудың маңызы қандай екенін айтты. Сонымен қоса мемлекет басшысы елдегі АЭС салу мәселесі мен екі ел арасындағы инвестицияларға тоқталды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Газ саласы екі мемлекеттік орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресінде ерекше рөл атқаратынын атап өткен Тоқаев Ресейдің көгілдір отынын тасымалдау ісі жобаға қатысушы барлық тараптың мүддесіне сай келеді, деді.

Қазақстан президентінің айтуынша, 7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді.

“Біз өзіміздің транзит әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделіміз және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайынбыз.

Биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен "Газпром" арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақмерзімді құжат. Қазақстан мен Ресейдің мұнай саласындағы ынтымақтастығы бұрыннан табысты дамып келеді. Елімізде "Лукойл" және "Татнефть" сияқты ресейлік концерндер жемісті жұмыс істеп жатыр. Биыл ақпан айында "ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі "Қаламқас теңіз", "Хазар", "Әуезов" кен орындарын игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасады. 

Бұдан бөлек, 2022 жылы "Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)" мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталды. Ол әлемде полипропилен өндіретін ең ірі он кәсіпорынның қатарына кіреді. Аталған жобаға ресейлік "Сибур" компаниясы да қатысады.

2022 жылы Саран қаласында "Татнефть" компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын "KamaTyresKZ" зауыты салынды”, – деді президент.



Мемлекет басшысы Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталатынын атап өтті. Сөзінше, Ресей мұнайы Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға жеткізіледі. 2033 жылға дейінгі кезеңде 100 миллион тоннадан астам Ресей мұнайын тасымалдау жоспарланып отыр.

Президент еліміздегі АЭС мәселесіне де тоқталып өтті. Ол АЭС құрылысына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүргенін еске салып, ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіретінімізді және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе алатынымызды айтқан. 

“Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім”, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асқанын айтты. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтаған.

“Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді. Оның аясында екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін бұл бағытта мол әлеует бар”, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау