Қазақстан металлургиясының негізі: Саланы жаңғыртатын жобалар дайындалуда
Фото - Primetals
Қазақстан шикізатты өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі қара металлургияның толық циклін игерген аз ғана елдердің қатарына кіреді. Жаһандық бәсекелестік жағдайында еліміз инновациялық технологияларды енгізуге, экспортта өз өнімінің сапасы мен сұранысын арттыруға, сондай-ақ өндірістік тәуелсіздігін нығайтуға ерекше назар аударып келеді.
Қазақстан бүгінде қара металлургия көлемін арттырумен ғана шектелмей, жаһандық өнеркәсіптің автокөлік өндірісінен инфрақұрылымға дейінгі ең қатаң талаптарына сай, құны жоғары өнім өндіруді мақсат еткен.
Qarmet еліміздің ең ірі металлургиялық активі ретінде салалық базаны Қазақстан ішінде нығайтатын, экспорттық әлеуетті қалыптастырып, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететін екі стратегиялық жобаны іске асыруда. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген технологиялық жаңару және терең өнеркәсіптік өңдеу саласындағы көшбасшылық бағытының нақты іске асырылуы.
Фото – Qarmet
Жаңа сортты прокаттау желісі: Импорттан толық бас тарту және құрылыс саласына қолдау
Бірінші жоба – Beijing Shougang International Engineering Technology Co., Ltd және Power China компанияларымен серіктестікте сортты прокаттау желісін іске қосу. Ол республикадағы құрылыс саласы үшін аса маңызды арматура мен сортопрокат өндіруге бағытталған.
Өндірістік қуаты – жылына 1 миллион тоннаға дейін. Бірінші кезегі (450 мың тонна) 2026 жылы ашылады. Бұл құрылыс металлургиясының импортын (арматура, екі жақты арқалық, швеллер, бұрыштық профиль, пішінді құбыр және басқа да өнімдер) толықтай алмастыруға, ішкі нарықты тұрақтандыруға және аталмыш сектордың Қазақстан өнімдеріне негізделуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Фото – Qarmet
Жоба цифрлық шешімдерді енгізуді, автоматтандыруды және экологиялық технологияларды қамтиды. Ол әсіресе ұлттық инфрақұрылымдық бағдарламалар аясында құрылыс саласының тұрақты дамуы үшін негіз болады.
"Біздің міндетіміз – тұрақты даму бағытына негізделген интеллектуалды прокат желісін құру", – деп атап өтті Қазақстан Республикасының премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Фото – Primetals
Жаңа құю-прокат кешені: Премиум сапа мен экспортқа бағытталған
Екінші жоба – Қарағанды облысында құю-прокат кешенін (ҚПК) салу. Ол ені 1850 мм-ге дейін және қалыңдығы 0,8-ден 16 мм-ге дейінгі ыстықтай иленген болатты шығарады. Бұл өнімдер жоғары технологиялы салаларда – автокөлік жасау, мұнай, атом, медицина және құбыр өнеркәсібінде, сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісінде сұранысқа ие.
Жобалық қуаты – жылына 4 миллион тоннаға дейін. Өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетіп, энергия шығындарын қысқарту, суық прокаттан бас тарту және суық прокат өнімдерінің бір бөлігін ыстықтай иленген болатпен алмастыру көзделіп отыр. Ескісіне қарағанда жаңа құю-прокат кешені ең заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 700 миллион АҚШ доллары деп бағалануда. Ал құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталуы тиіс. Индустриялық серіктестер ретінде Primetals Technologies (Австрия), SMS group (Германия) және Danieli (Италия) компаниялары қарастырылуда.
Фото – Qarmet
"Бұл тек жабдықты жаңарту емес – бұл Қазақстанға әлемдік нарықтың премиум сегменттерінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін стратегиялық серпіліс", — деді Qarmet Corporation басқарма төрағасы Петр Трушин.
Qarmet корпорациясының екі жобасы да жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірістік кооперацияны күшейтіп, инфрақұрылымды дамытып, өңделген өнім экспортындағы үлесті арттырады. Олардың жүзеге асуы Қазақстанның өнеркәсіптік тәуелсіздігін нығайтып, жоғары, премиум сапалы болат өнімдерін өндіруші ретінде жаһандық жеткізушілер қатарына енуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, прокат өндірісімен қатар компания басқа да стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында комбинатқа арналған газ құбырының құрылысын жүргізу бар. Бұл өндіріс өзіндік құнын төмендетіп, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған (301 млн АҚШ доллары). Сонымен бірге, 8 және 9-кокстың жаңа батареяларын салу жоспарланып отыр (369 млн АҚШ доллары, жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокспен). Қаражалдағы тау-кен кешені мен кен байыту фабрикасын іске қосу қарастырылған (511 млн АҚШ доллары). Сондай-ақ, көмірхимия саласын дамыту жоспарланып, 15-тен астам өнім шығарылатын болады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
