Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі

ТоқаевФото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапарының алдында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілуі жөнінде айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы "Российская газета" басылымында жарияланған "Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық" атты мақаласында баяндаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Российская газета" басылымында мақала жариялап, онда Қазақстандағы орыс тілінің рөлі туралы егжей-тегжейлі айтты.

Оның айтуынша, тілдік алуандылық – елдің басты артықшылықтарының бірі, ал орыс тілі осы кеңістікте ерекше орынға ие.

"Біздің елімізде орыс тіліне айрықша құрмет пен қолдау көрсетіледі. Ол қоғамның әлеуметтік-саяси, ғылыми-білім беру және рухани өмірінің ажырамас бөлігі. Орыс тіліне қолдау көрсету біз үшін халықтар арасындағы диалог пен өзара сенімді нығайтатын кең ауқымды гуманитарлық ынтымақтастықтың бір бөлігі саналады. Сол себепті мен Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасын көтердім", – деп жазды Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Мәскеуге сапардың негізгі мақсаты екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көшіру туралы Декларацияға қол қою болмақ.

"Бұл құжат, сөзсіз, екіжақты байланыстың жаңа дәуірін ашады, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайын екенімізді растайды", - деп жазды Тоқаев.

Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қазақстанның үш ірі сыртқы сауда серіктесінің бірі, ал Қазақстанның Ресейдің бес жетекші серіктесінің бірі екенін еске салды. Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп, 30 миллиард АҚШ долларына жуықтап келеді.

Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына салым көлемі бойынша ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Бұл еліміздің капитал үшін жоғары тартымдылығын, тұрақты іскерлік байланыстар мен өзара сенімді білдіреді.

Өнеркәсіптік кооперацияның негізін жалпы көлемі 50 миллиард доллардан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. "Сибур", "Газпром", "Лукойл", "ЕвроХим" сияқты компаниялардың қатысуымен Қазақстанда полиэтилен, бутадиен, минералды тыңайтқыштар және өзге де сұранысқа ие өнімдер өндіретін заманауи кәсіпорындар салынып жатыр.

Сонымен қатар, "Татнефть" компаниясымен бірге автокөлік шиналарын, ал "КАМАЗ"-бен жүк көліктеріне арналған бөлшектерді өндіру жолға қойылған.

Қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл жай ғана статистика емес, жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына, озық технологиялардың енгізілуіне және өңірлер мен халықтар арасындағы байланыстардың нығаюына ықпал ететін нақты серіктестіктің көрінісі.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен баратыны хабарланды. Сондай-ақ осы мақаласында Тоқаев орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтергенін жазды.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 11:01
Талқылау