Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропа одағы қазақстандықтарға виза беру тәртібін жеңілдетеді: Процесс іске қосылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа одағының жоғарғы өкілі Кая Калласпен кездесіп, виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті. Кездесуде Қазақстанның Еуропа Одағымен санқырлы ықпалдастығының перспективасы талқыланды.

Кая Калластың айтуынша, Қазақстан – Еуропа Одағымен серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған аймақтағы алғашқы елдердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ол Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы қазақстандықтар аталған жаңалықты өте жылы қабылдағанын атап өтіп, бұл қадам еуропалық елдермен жеке және іскерлік қатынастарды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтты.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.

"Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кая Каллас халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы жаһандық тұрақсыздықты ескере отырып, әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде байыптылық пен жауапкершілік танытудың айрықша маңызға ие екенін айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстан барлық өзекті халықаралық мәселелер мен қақтығыстарды дипломатиялық келіссөздер арқылы шешуді берік ұстанады", – делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесуде "Орталық Азия – Еуропа Одағы" форматындағы ықпалдастықтың жай-күйі қаралды.



Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі 43 ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне түрлі деңгейде шектеу қоюға дайындалып жатыр. Біраз бөлігіне елге кіруге толық тыйым салынбақ. Алдын ала тізімге қарағанда, 11 мемлекет “қызыл тізімге” енген. Бұл тізімге енген ел азаматтары АҚШ-қа мүлде кіре алмайды. “Қызыл тізімде” Ауғанстан, Бутан, Венесуэла, Иран, Куба, Ливия, Солтүстік Корея, Сирия, Сомали, Судан және Йемен бар. “Қызғылт” тізімге 10 ел енгізілген. Бұл елдің азаматтарымен қатаң әңгіме өткізіліп, АҚШ-қа бизнес мақсатта ғана баратындарға рұқсат етілмек. Көші-қон немесе туристік визалар берілмейді. Бұл тізімге Беларусь, Ресей және Түркіменстан енген. “Сары” категорияға кіретін 22 елге жағдайды өзгертуге 60 күн уақыт берілген. Тізімде негізінен Африка елдері бар.  

Талқылау