Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 11 медаль жеңіп алды

Фото: UWW

Грекияның Афина қаласында күрестің үш түрінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпы есебі 11 жүлде жеңіп алды.

Грек-рим күресінде Жаңажол Қуанышбек (45 келіге дейін) чемпион атанды. Нұрдәулет Құмарұлы (48 келіге дейін) мен Нұралы Асқар (55 келіге дейін) финалға дейін жетіп, күміс медальға қол жеткізді. Шамиль Досбол (65 келіге дейін) және Марлен Мейірбекұлы (71 келіге дейін) үшінші орыннан көрінді.

Қыздар арасында Мадхия Усманова (57 келіге дейін) барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Інжу Баққожа (40 келіге дейін) мен Шахизада Дәулетжан (69 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.

Еркін күрестен Данаэль Әбдіқасым (51 келі), Бекасыл Асамбек (60 келі) және Дінмұхамед Қасымбек (80 келі) те үшінші орыннан көрініп, ел қоржынына қола медаль салды.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Афинада өткен әлем біріншілігінде табысты өнер көрсетіп, үш стиль бойынша да жүлделі орындарға ие болды.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 15:28
Талқылау
`