Қазақстан қымбат жол талғамайтын көліктердің сатылымы бойынша алғашқы 10 елдің қатарына енді
Car Industry Analysis мамандары әлемдегі көліктердің сатылымына сараптама жасаған. Деректерге сенсек, 2023 жылы Қазақстан Toyota Land Cruiser 300, Lexus LX, Cadillac Escalade, Cadillac Escalade ESV маркалы премиалды жол талғамайтын көліктердің сатылымы бойынша алғашқы он елдің қатарына енген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/carindustryanalysis
2023 жылы әлем бойынша Toyota Land Cruiser 300 көлігінің 123,5 мың данасы сатылған. Соның ішінде қазақстандықтар 2882 Land Cruiser-ді сатып алған, осылайша 10-орында тұр. Ал алғашқы үштікте Жапония (20 101), Сауд Арабиясы (13 828) мен Аустралия (13 431) елдері бар.
Lexus LX маркалы көлігінің 32,4 мың данасы сатылған екен. 2023 жылы Қазақстанда бұл көліктің 1918 бірлігі сатылыпты. Әлемдік көрсеткіште еліміз 7-орында тұр. Аталған автокөліктің Америкада 6959, Қытайда 3640, Катарда 3228 данасы сатылған.
Фото: instagram.com/carindustryanalysis
Америкалық Cadillac Escalade пен Cadillac Escalade ESV маркасының әлемде 51 мың данасы сатылған. 2023 жылы 550 данасын қазақстандықтар иеленіп, сатылым деңгейі бойынша 7-орынға көтерілді. Бұл модельді сатып алудан АҚШ (41 689), Канада (3 678) мен Біріккен Араб Әмірлігі (1040) алғашқы үштікте.
2023 жылы елімізде ең көп сатылған кроссовер – Hyundai Tucson. Былтыр елде бұл марканың 28 839 данасы сатылыпты, осылайша Қазақстан әлемдік сатылым рейтингінде 5-орынға тұрақтады.
Toyota Camry көлігін сатып алу бойынша да Қазақстан алғашқы ондықта. 2023 жылы еліміздің тұрғындары бұл көліктің 7 448 данасын сатып алыпты, осылайша 8-орында тұр. Ал АҚШ-та 290 649, Қытайда 224 627, Сауд Арабиясында 45 074 данасы сатылған.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
