Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу үшін шетелдік акционерлерден бас тартты

қарашығанақ газ өңдеу зауыты

Фото: Liter

Қазақстан Eni және Shell компанияларымен Қарашығанақта газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысына қатысу туралы келіссөздерді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Энергетика министрлігі акционерлер қойған шарттарға көңілі толмай, келіссөзді тоқтатты. Компаниялардың 1 миллиард долларға жуық қосымша төлемдерді талап еткені, сондай-ақ өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыруды қазіргі арбитраждық іспен байланыстыруға тырысқаны көрсетілген. Бұл шарттар елге "мүлдем қолайсыз" және ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді дейді.

"Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалады. Жоба мемлекет үшін әділ және экономикалық тиімді шарттарда үшінші тараптың ауыртпалығынсыз жүзеге асырылуы тиіс. Біздің мақсатымыз – мердігерлердің жоғарылаған коммерциялық сұраныстарын қанағаттандырмай, еліміздің ресурстық әлеуетін нығайту", – деп атап өтті министрлік.

Қазір үкімет жобаны "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына беру нұсқасын қарастырып жатыр. Бұл толықтай мемлекеттік бақылауды сақтауға көмектеседі.

"Министрлік құрылыстың EPC мердігері ретінде таңдалған Hyundai Engineering/Sicim консорциумымен қол жеткізілген келісімдер мен сабақтастықты сақтауға мүдделі. Жобаны қаржыландыру мәселесі шешіледі. Барлық қажетті тетік қарастырылып жатыр, соның ішінде ұлттық компанияның жеке қаражатын пайдалану және қарыз капиталын тарту ескерілмек”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қазақстан Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бойынша серіктестердің үстінен шағым түсірген еді. 2 маусымда Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысы тоқтатылды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 19:49
Талқылау