Қазақстан Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын тоқтатты
Фото: “ҚазМұнайГаз” баспасөз қызметі
Қазақстан Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
17 мамыр күні жобаға инвестиция салуға жауапты PSA агенттігі халықаралық Shell және Eni компанияларына тапсырылған жұмыстарды тоқтату туралы бұйрық берді.
Аталған екі компания Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумының мүшелері. Консорциум құрамында бұлардан бөлек "ҚазМұнайГаз", Chevron және Лукойл да бар. Жоспар бойынша жылына 4 млрд текше метр газ өңдейтін, құны 3,5 млрд доллар тұратын зауыт салынуға тиіс еді.
Құрылыстың тоқтатылуы үкімет пен шетелдік инвесторлар арасындағы жоба мерзімі мен құнына қатысты келіспеушіліктерге байланысты. Бұған дейін, 2024 жылдың шілде айында, сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев зауыт оператор қаражаты есебінен салынатынын мәлімдеген еді.
2025 жылдың наурыз айында KPO инженерлік дайындықтың басталғанын хабарлағанымен, содан бері ілгерілеу болмаған. Құрылыстың тоқтауына зауыттың іске қосылу мерзімінің 2028 жылдан 2030 жылға шегерілуі себеп.
Қазір Қарашығанақтан өндірілетін газдың негізгі бөлігі шамамен жылына 9 млрд текше метр Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына жөнелтіледі. Артынша газ Қазақстанға қайтарылады. Жаңа зауыт жылына қосымша 4 млрд текше метр газ өңдеуге тиіс еді.
Мерзімдердің кейінге шегерілуіне байланысты қазақстандық тарап зауытты шетелдік серіктестердің қатысуынсыз, өз күшімен салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. PSA агенттігінің KPO-ға жолдаған хатында жобаға жауапты жұмыс тобын тарату қажеттігі айтылған.
Еске салсақ, Қазақстан Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бойынша серіктестердің үстінен шағым түсірген еді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
