Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес – Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президенттің II Еуразиялық экономикалық форумдағы сөздеріне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев

Руслан Желдібай президенттің ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек деген ұстанымда екенін мәлімдеді. 

“Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. 
Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс”, – деп жазды ол.

Президенттің баспасөз хатшысы Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейге шығуы ерекше прецедент екенін айтады.

“Мемлекет басшысының пайымынша,  шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ”, – дейді Руслан Желдібай. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Ресей мен Беларусь одақтық мемлекеттері туралы айтқан еді. Президент өз сөзінде екі ел арасындағы байланыс туралы айта келе, “ядролық қарудың да ортақ” екенін мәлімдеді.

Талқылау