Қазақстан халқының саны 2100 жылға қарай 30 миллион адамға жетеді - Зерттеу
Халықаралық ғалымдар тобы әлемде халық санының өсуіне болжам жасады. Зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстанда 2100 жылға қарай шамамен 30,28 миллион адам тұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көрші Қырғызстанның халқы 6,37-ден 12,45 миллион адамға дейін артады. Өзбекстанда 2100 жылға қарай 44,18 миллион адам тұратын болады (қазір халық 32,24 миллионды құрайды).
Бұл ретте зерттеу мәліметтері бойынша Ресейде тұрғындар саны 146 миллионнан 106 миллион адамға дейін төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, зерттеуге сәйкес, 2100 жылға қарай Украина (44,6 миллионнан 17,5 миллионға дейін) және Беларусь (9,4 миллионнан 5,5 миллионға дейін) халқы екі есе немесе одан да көп қысқаруы мүмкін.
Жалпы, зерттеушілер жердің халқы 2064 жылға қарай өз шыңына жетіп, ал 2100 жылға қарай 8,8 миллиардқа дейін төмендейді деп болжайды, бұл БҰҰ болжамынан 2 миллиардқа аз.
"2064 жылы әлем халқының саны 9,7 миллиардқа жетеді, содан кейін 2100 жылға қарай 8,8 миллиардқа дейін қысқарады", - делінген британдық The Lancet медициналық журналында.
Мақалада көрсетілгендей, 2100 жылға қарай халқы ең көп елдердің бестігіне Үндістан, Нигерия, Қытай, АҚШ және Пәкістан кіреді. Сондай-ақ, Жапония, Таиланд, Италия және Испанияны қосқанда 20-дан астам елдің 2100 жылға қарай халық саны 50 пайыздан астамға азаяды. Қытай халқы да 48 пайызға қысқарады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
