Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан халықаралық банктен 46,7 млрд теңге қарыз алады: Сенат келісімді ратификациялады

АқшаФото: pixabay.com

Сенат депутаттары Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады – қарыз сомасы 46,7 млрд теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 12 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған.

"Келісімнің мақсаты – тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындары үшін жоғары жылдамдықты интернетке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, бұл инклюзивті экономикалық өсуге негіз жасайды", – делінген құжатта. 

Келісімнің негізгі міндеттері: 
- ауылдық елдімекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу есебінен қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқарту; 

- шағын және орта бизнесті, электрондық сервистерді, қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді қолдауды, сондай-ақ инвестициялар ағынын қоса алғанда, өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жағдайлар жасау; 

- мемлекеттік және жеке әріптестіктің тұрақты моделін енгізу арқылы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның сыртқы қарызы 32 триллион теңгеге жуықтағанын жазған едік.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 12:47
Талқылау