Қазақстан футболына 200 миллиард теңге қаражат бөлінген
Соңғы 6 жылда қазақстандық 18 футбол клубына мемлекет қазынасынан 200 миллиардтан аса қаражат бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/fca.astana
Мәжіліс кулуарында соңғы жылдары спортқа кеткен ақша жайлы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мырза баяндады.
“Жалпы бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі осы футбол клубтарына жұмсалады. 200 миллиардтан аса қаржы бөлінген. Бұл қаржының көп бөлігі легионерлерге жалақы төлеуге және басқа да тиімсіз шығындарға кеткен. Соңғы жылдарда бар болғаны екі ғана жаңа стадион салынған. Ал инфрақұрылымның жағдайы мүлде көңіл көншітпейді”, – деді агенттік төраға орынбасары.
Сонымен бірге, бюджеттен жыл сайын бірнеше миллиардтарды алып отырған “Астана” футбол клубында да кәсіби клубқа қажетті толық инфрақұрылым жоқ екенін жеткізді. Осыншама қаражат ала тұра, команданың әлі күнге жеке базасы жоқ екені таңқалдырды.
“Астана” футбол клубына қатысты соңғы жылда талдау жүргіздік. Клубқа шамамен 50 миллиард теңге бөлінген, оның басым бөлігі “Самұрық-Қазына” қорынан түскен. Қаражаттың бөлінуін егжей-тегжейлі зерделегенде, бюджеттің шамамен 60-70%-ы екі-үш маусым ойнаған шетелдік легионерлердің жалақыларына жұмсалғаны анықталды. Қазіргі уақытта бұл ойыншылар команда құрамында жоқ. Бірақ бұл ойыншыларға кезінде қомақты қаражат жұмсалған”, - деді Сарқұлов Мәжілістегі брифингте.
Дәл осындай жағдай тағы бір астаналық “Барыс” хоккей клубында да орын алған.
“Алты жыл ішінде хоккей клубына шамамен 49 миллиард теңге бөлінген. Оның көп бөлігі шетелдік спортшылардың жалақысына кеткен. Көптеген ойыншылар командадан әлдеқашан кеткен, ал бұл қаржының тиімді нәтижесі байқалмайды. Соңғы жылдардағы клубтың нәтижесі өте төмен. Жұмсалған қаражат команданың нәтижесімен мүлде сәйкес келмейді. Біздің ойымызша, қаражатты әлдеқайда ұтымды пайдалануға болар еді. Мысалы, спорттық инфрақұрылымды жаңартуға және балалар мен жастардың спортпен айналысуына жағдай жасауға инвестиция салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, кәсіби футболшылар, хоккейшілер және басқа да спортшылар өскелең ұрпақ арасынан шығады. Сәйкесінше, болашақта олар ел намысын жоғары деңгейде қорғай алады”, – деп атап өтті Ұлан мырза.
Сондай-ақ, талдау нәтижелері бойынша Мәдениет және спорт министрлігі мен тиісті федерацияларға агенттік тарапынан ұсыныстар берілгені хабарланды.