Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан елшісі "Мәскеу қазақша" жобасын құрушыларға Тоқаевтың алғыс хатын табыс етті

Ресейдегі Қазақстанның Елшісі Ермек Көшербаев "Мәскеу қазақша" жобасын құрушылар Анастасия Решетниковамен және Елизавета Осиповамен кездесіп, оларға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын тапсырды.

"Сіз қазақ тілін шебер меңгеріп, "Мәскеу қазақша" блогыңыз арқылы тіл үйренушілер қатарын көбейтуге ерекше үлес қосып келесіз. Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын кеңейтетін игілікті ісіңіз көпшіліктің көңілінен шығып, қолдауына ие болып отыр. Көрермендеріңізге қазақ мәдениетін танытып, насихаттап жүргеніңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Өзіңізге зор денсаулық, жұмысыңызға толайым табыс тілеймін", – делінген алғыстың мәтінінде.

Қыздар президенттің алғысы олар үшін үлкен және жанға жағымды күтпеген тосын сый болғанын айтты.

"Шын жүрегімізбен атқаратын өзіміздің осы жобамызды бастағанда, біз мұндай жоғары марапат жайлы тіпті ойлаған да жоқпыз. Осындай марапатқа ие болудың маңызы зор. Бұл әрі қарай жалғастыру қажет екендігін білдіреді және біз екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін қолымыздан келетін қомақты үлесімізді қосатын боламыз", – деді Елизавета Осипова

"Президенттің өзі бізге алғысын жеткізіп жатқаны қаншалықты жанға жылы тиетінін суреттей да алмаймын. Біз бұдан әрі де қазақ тілін ілгерілетумен айналысатын боламыз, біздің мемлекеттеріміздің арасындағы байланыстарды жақсартамыз – бұл шын мәнінде өте маңызды. Біз өз үлесімізді қоса аламыз деп сенеміз", – деп бөлісті өзінің толғаныстарымен Анастасия Решетникова.

STAN.KZ
Сенбі, 17 Қазан, 2020 15:23
Талқылау