Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр Олжас Бектенов экономика өсімі туралы сұраққа жауап берді

Мемлекет басшысы алға қойған міндет өте ауқымды. Осындай өсім қарқынына жетуге бірнеше фактор кедергі болуы мүмкін. Бұл күрделі геосаяси жағдай, біздің негізгі сауда серіктестеріміздің экономикаларындағы ахуал және т. б. мәселелер бар. 

Фото: volgogradcci.ru

Бірақ соған қарамастан, Үкімет бар резервтер мен күштерді жұмылдырып, қазір осы мақсатқа қол жеткізу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Қазірдің өзінде экономиканың кейбір салаларында өсу қарқыны жаман емес. Мысалы, құрылыс, көлік, байланыс салаларында өсу қарқыны 8%-ға жуық.

Сауда саласында көрсеткіштер әзірге төмен болып отыр. Оған су тасқыны салдары әсер етті деп ойлаймыз. Бірақ қазіргі таңда көрсеткіштер бірте-бірте қалпына келе бастады. 

Біздің пікірімізше, экономикамыздың кейбір салалары өте жоғары өсу әлеуетіне ие. Бұл — құрылыс, инфрақұрылым және өңдеу өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені. Сондықтан біз қазіргі таңда Үкімет тарапынан осы салаларға ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіп жатырмыз. Мысалы, биыл тек "Бәйтерек" холдингі арқылы экономикамызға 3 триллион теңгеге жуық инвестиция құйылып жатыр. "Самұрық-Қазынаның" қаржысы есебінен 700 миллиард теңге бөлінді. Биыл құрылыс саласында кемінде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкінің жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Жаңадан қабылданған "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша 64 мың адамнан өтінімдер келіп түсті. 

222 миллиард теңге "Самұрық-Қазына" қорының есебінен жалдамалы тұрғын үй құрылысына бөлінді. Тиісті кесте бекітілді, осы кестеге сәйкес, қаражат жергілікті атқарушу органдарға жіберіліп жатыр.

Автомобиль жолдары туралы айтар болсақ, биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. Биыл 13 арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мен шағын өнеркәсіптік аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл көп индустриалдық жобаларды іске қосуға мүмкіндік беретін қадам. 

Газ тасымалдау жүйесін жаңғырту шеңберінде шамамен 1800 шақырым газ құбыры салынады. Қосымша 300 мыңға жуық халқы бар 87 елді мекенге газ тартылады. 6,5 мың шақырымнан астам коммуналдық желілер жаңғыртылып, жөнделетін болады. Өндірістік қуаттылығы жоғары 70 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ол шикізат емес, жоғары өңделген тауарлар өндіруге бағытталған жобалар. Сондықтан біз оны қолдап жатырмыз. Ауыл шаруашылығы бойынша егіс жұмыстарын қаржыландыру 4 есеге, яғни 540 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. 

Отандық ауыл шаруашылығы техникаларына 100 миллиард теңгеге жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. Ол бағдарлама арқылы диқандар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алады. Біз биыл импорттық техникаға берілетін субсидияларды тоқтаттық. 

Біздің пікірімізше, өзіміздің бюджет қаражатымыздың есебінен, тек отандық өндіршілерімізді қолдауымыз қажет. Жалпы отандық өндіршілерді қолдалу бағытын айтатын болсақ, бұл мен басқарып отырған Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі.
 

Талқылау