Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 4,4%-ға өскен
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының бірқатар салаларында өсім байқалғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады. Негізгі трендтер бойынша нақты сектор өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, қызмет көрсету секторындағы тұрақты динамика байқалуда", – деді Ә. Қуантыров Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, нақты сектордағы өсім 5,1%, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ға тең.
"Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қойма, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,3%-ті құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,7%-ды құрады", – деді ол.
Сала бойынша инвестициялар білім беруде – 87%-ға, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыруда – 74,1%-ға, құрылыс саласында – 61,9%-ға, ғылым және техникалық қызметте – 53,7%-ға өскен. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, Ақмола облысында және Алматы қаласында байқалған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
