Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры қызметінен кетті
Фото:Жеке парақшасынан
Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев әлеуметтік желідегі парақшасында қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бұл қызметке 2023 жылдың 8 қарашасында сайланған еді.
“Бүгін сіздермен маңызды жаңалықты бөліскім келеді. Жаңа қызметке ауысуыма байланысты Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры қызметін аяқтаймын. Мансабымды қарапайым қатардағы дзюдошы ретінде бастап, еліміздің дзюдосына жауапты мекемеде жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Федерацияда 2 жылдан астам уақыт қызмет атқардым, және әріптестеріміз екінші отбасымға айналды. Осы уақыт аралығында ұжыммен бірге өткен жол мен үшін ең құнды мектеп болды”, – деді ол.
Имашев өзі қызмет еткен кезеңде ел дзюдосындағы тарихи сәттердің куәсі болғанын атап өтті.
“Біз елімізде әлемдік додаларды қабылдаудан бастап, тұңғыш Олимпиада чемпионының жеңісіне дейін куә болдық. Нағыз тарихи кезеңде қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Басшылықтың маған артқан сенімі мен ұжымымыздың, облыстық федерациялардағы әріптестердің жанашырлығы арқасында біз біраз қиындықты еңсеріп, ел дзюдосын жаңа сатыға көтердік деп ойлаймын. Дзюдошы және маман ретінде Қазақстан дзюдосына адал қызмет еттім деген оймен осы тарауды жабуға шешім қабылдадым”, – деді.
Айбек Имашев барлық әріптестерге, федерация басшылығына, Қазақстан Республикасы Туризм және Спорт министрлігіне, бапкерлер мен спортшыларға, ұжымға және жанкүйерлерге қолдаулары үшін шынайы алғысын білдірді.
Айта кетейік, Айбек Имашев спорт шебері. Ол 2011 жылы Азия кубогы мен 2013 жылғы Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алған. 2014 жылы кезекті мәрте Еуропа чемпионаты мен әлем кубогында трп жарған. Сондай-ақ сол жылы Әлем чемпионатында 5-орын алған. Гран При және Grand Slam додаларының жүлдегері. Жеке мансабын аяқтаған соң 2018 жылы Маңғыстау облысының ересектер құрамасын, 2019 жылы Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. 2022 жылы мемлекет басшысының жарлығымен "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр

