"Қазақстан дінаралық диалогты жақтайды": СІМ өкілі Израильдегі мешітке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді
СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильдегі Әл-Акса мешітіндегі қақтығыстардан кейін Қазақстанның ұстанымын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Таяу Шығыстағы Әл--Акса мешітінде болған шабуылдарға байланысты шиеленістің күшеюіне алаңдаулы.
“Жағдай парасаттылық және ұстамдылықпен шешіледі деп үміттенеміз. Зорлық-зомбылыққа және жағдайдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату актілерінен бас тартады деген сенімдеміз", – деді Смадияров СІМ брифингінде.
Ол бұл жағдайда статус-квоны ұстану керек деп қосты.
"Саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар қасиетті Рамазан айында шиеленісті азайтуға бар күшін салады деп үміттенеміз. Қазақстан әрқашан толеранттылықты және дінаралық диалогты нығайтуды жақтайды және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс проблемасын бейбіт жолмен реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін берік қолдайды", – деді Смадияров.
Естеріңізге салсақ, Израильдегі Әл-Акса мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалды.