Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарламаны жүзеге асыру ұсынылды

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділерінің шет қалып отырғанын атап өтті. Осыған орай ол "Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарламаны қабылдаудың маңызы бар екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Президент сондай-ақ ұрпақ тәрбиесі мен білім беру мәселесіне тоқталды. Ол қазір білімге көбірек көңіл бөлініп, тәрбиенің екінші орынға ысырылғанын сынға алды. 

"Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай "Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді", – деп түсіндірді мемлекет басшысы. 

Тоқаевтың пікірінше, "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы". Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды дейді мемлекет басшысы.

"Былтыр мектептерде "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Бұл құжатты алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны "Адал азамат" деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін", – деп түйіндеді ел басшысы.



Еске салайық, бұған дейін сенат депутаты Дархан Қыдырәлі премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында жаңа көптомдықтың негізінде Қазақстан тарихы оқулығын қайта жазып шығуды сұрады. Ол өз сөзінде қазіргі оқулықтарда мемлекет құруға аз көңіл бөлінетінін түсіндіреді. Депутат сондай-ақ мектеп бағдарламасында қазақ хандары Жошыдан тарайтынын баса айту керектігін мәлімдеді. 

Талқылау